Ақтөбеде зорланған қыздың отбасы күдіктінің ақшасынан бас тартып оны соттатпақшы
Ақтөбе облысында көршісінен зорлық көрген 15 жастағы мектеп оқушысы әлеуметтік желідегі жаппай қудалаудан кейін суицид жасауға оқталды, деп хабарлайды Politico.kz порталы Ulysmedia.kz басылымына сілтемемен.
Блогерлер ауылға барып, отбасының рұқсатынсыз видео түсіріп, оны желіге таратқаннан кейін кәмелетке толмаған жәбірленушіге қатысты жағымсыз пікірлер қарша бораған. Желі қолданушылары оны ғайбаттап, ішімдік ішетіні және темекі шегетіні туралы шындыққа жанаспайтын ақпараттар жазып, жасөспірімді ауыр психологиялық күйзеліске ұшыратқан. Қыздың әпкесі Ақмарал Әжіғалиеваның айтуынша бұл жағдайдан кейін жәбірленуші үйден қашып кетіп, өзіне қол жұмсау туралы ойлаған.
«Бүкіл отбасымызбен бүгін түнде ұйықтаған жоқпыз. Қыздың өзіне бірдеңе жасап қоймай ма екен деп қорықтық. Өкіріп жылады. Ол ауылда қазір, әке-шешесін сағынып, ауылға барды. Кеше түнімен видеоқоңыраумен сөйлесіп отырдым. Бала үшін қорықтым. Қыздың үйден қашып кетіп, өзіне қол жұмсағысы келді, бірақ оны шығармайын деп отырмыз. Қасында отырған соң ештеңе істеген жоқ. Бала кішкентай, соншама қысып көрген соң не істерін өзі білмейді», – деді Ақмарал Әжіғалиева.
Сонымен қатар күдіктінің жақындары жәбірленушінің үйіне келіп, істі жылы жабу үшін ақша ұсынып немесе қызды жігітке некелестіруге тырысқан. Алайда қыздың отбасы бұл ұсыныстан үзілді-кесілді бас тартып, қылмыскердің заң алдында жауап беруін талап етіп отыр.
«12 маусымда кешірім сұрап келді. «Кешіріңдерші, бірдеңе істейік, оларды үйлендірейік, біз тойды өзіміз көтереміз не ақша берейік дейді. Өзім де, ата-анам да бізге сендердің ақшаларың керек емес деп айттық. Біз баланы заң жүзінде жазалаймыз, бұлай қалдырмаймыз. Иә, тек ақшаны құптайтын отбасы болсақ, бұл жерде ақша алуға болар еді. Әкем не інім ана жігітті ұрып-соғып, өлтіріп тастауы да мүмкін еді. Бірақ біз заңға сеніп отырмыз ғой. Біз заңға, әділетке сенген адамдармыз. Себебі бәріміз оқығанбыз, көзіміз ашық. Ауылға да өсек таратып, жайып салған жоқпыз. (...) Біз балағаттап жатқан адамдар жазасын алып, таратқан видеоларын өшірсін деп талап етіп отырмыз», – деді қыздың әпкесі.
Отбасының адвокаты Данияр Сүндетбаевтың мәліметінше блогерлердің жалған ақпарат таратуына байланысты қыздың жақындары құзырлы органдарға қайта шағым түсірген. Өз кезегінде Ақтөбе облысының полиция департаменті 15 жастағы оқушыны зорлады деген күдікпен 22 жастағы көршісінің ұсталып, қамауға алынғанын мәлімдеді. Қазіргі таңда бұл іс Қылмыстық кодекстің зорлау бабы бойынша тергеліп жатыр.
Айта кетейік, алғашында іс 16 жасқа толмаған адаммен жыныстық қатынасқа түсу бабы бойынша қозғалған еді.
Соңғы жаңалықтар