Қарағанды облысында есірткі өндірген қылмыстық топ сотталды

Қарағанды облысында есірткі өндірген қылмыстық топ сотталды
Фото: magnific.com

Қарағанды облысында үш есірткі зертханасын ұйымдастырған қылмыстық топтың мүшелеріне сот үкімі шықты. Тергеу кезінде 60 келіге жуық мефедрон тәркіленген. Бұл іс бойынша бес адам 10 жылдан 22 жылға дейін бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Politico.kz.

Қарағанды облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының мәліметінше, С. және С.Р.В. есімді азаматтар 2022 жылдың басында ұйымдасқан қылмыстық топ құрып, оған басшылық еткен. Кейін топқа С.Р.Т. және В. қосылған.

Қылмыстық топ 2022 жылдың басынан 2024 жылдың соңына дейін әрекет еткен. Олар Қарағанды және Алматы облыстарында есірткі зертханаларын ашып, аса ірі мөлшерде психотроптық заттардың аналогтарын өндірумен және сақтаумен айналысқан.

Сот анықтағандай, осы уақыт аралығында қылмыстық топ үш есірткі зертханасын ұйымдастырған. Біріншісі 2022 жылдың қарашасында Теміртау қаласының Ақтау кентінде, екіншісі 2023 жылдың қазанында Алматы облысы Іле ауданындағы «Ветеран-Алатау» ПКСТ аумағында, үшіншісі 2024 жылдың қыркүйегінде Қарағанды қаласының Нұринская көшесінде ашылған.

Бұдан бөлек, С., С.Р.Т. және С.Р.В. тағы бірнеше есірткі зертханасын ашуға дайындалған. Олар Теміртау қаласындағы гараждарда, Алматы облысында және Қарағанды облысының Асыл кентіндегі үйде психотроптық заттарды аса ірі мөлшерде өндіруге қажетті химиялық прекурсорлар мен арнайы жабдықтарды көп мөлшерде жинаған. Алайда полиция оларды ұстап, қылмыстық жоспарларын соңына дейін жүзеге асыруға мүмкіндік бермеген.

Ұстау кезінде С.Р.В.-ның көлігінен де ірі мөлшерде психотроптық заттар табылып, тәркіленген. Тергеу бұл заттардың сату мақсатынсыз заңсыз сақталғанын анықтаған.

Іс бойынша тағы бір сотталушы Н. Алматы облысында басқа адамдармен алдын ала сөз байласып, аса ірі мөлшерде психотроптық заттар дайындаған және оларды кейін сату үшін сақтаған.

Сонымен қатар ұйымдасқан қылмыстық топтың жетекшілерінің бірі С. есірткі саудасынан түскен қылмыстық кірісті заңдастырған. Ол заңсыз жолмен тапқан ақшасына ірі көлемде мүлік сатып алған.

Сотталушылардың кінәсі куәлардың, полиция қызметкерлерінің, сарапшылар мен мамандардың айғақтары арқылы дәлелденген. Сот сараптама қорытындыларын, олардың банк шоттарындағы ақша қозғалысын, жасырын тергеу әрекеттерінің нәтижелерін және қылмыстық істің өзге де материалдарын зерттеген.

Сотта С., С.Р.В., С.Р.Т. және В. ұйымдасқан қылмыстық топ құру, оған басшылық ету және қатысу, аса ірі мөлшерде психотроптық заттардың аналогтарын бірнеше рет заңсыз дайындау, сату мақсатында сақтау, сондай-ақ осындай қылмыстарды жасауға оқталу баптары бойынша жауапқа тартылды. Оларға Қылмыстық кодекстің 262-бабының 1 және 2-бөліктері, 297-бабының 4-бөлігі, сондай-ақ 24-бабының 1-бөлігі мен 297-бабының 4-бөлігі бойынша айып тағылды.

Бұған қоса, С.-ға қылмыстық жолмен алынған ақша мен өзге де мүлікті заңдастырғаны үшін Қылмыстық кодекстің 218-бабы 3-бөлігінің 2 және 3-тармақтары бойынша айып тағылды. Н.-ның әрекеті Қылмыстық кодекстің 294-бабы бойынша қаралды. Ал С.Р.В. психотроптық заттарды сату мақсатынсыз заңсыз сақтағаны үшін Қылмыстық кодекстің 296-бабының 3-бөлігі бойынша да жауапқа тартылды.

Мемлекеттік айыптаушы барлық сотталушыны кінәлі деп танып, мүлкін тәркілеуді сұрады. Прокурор С.-ны 24 жылға, С.Р.В.-ны 22 жылға, С.Р.Т.-ны 20 жылға, В.-ны 18 жылға бас бостандығынан айыруды ұсынды.

Сондай-ақ прокурор С.Р.В.-ны Қылмыстық кодекстің 296-бабының 3-бөлігі бойынша ескіру мерзімінің өтуіне байланысты қылмыстық жауаптылықтан босатуды сұрады.

Ал Н.-ға жеті жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды ұсынған. Бірақ 2026 жылғы рақымшылық туралы заңды қолданып, түпкілікті жазасын 4 жыл 8 айға дейін қысқартуды сұраған.

Қорғау тарапы мұндай жазалармен келіспеді. Адвокаттар С. мен С.Р.Т.-ның кінәсі дәлелденбегенін айтып, оларды барлық айып бойынша ақтауды талап етті. Ал С.Р.В. мен В.-ның әрекетін Қылмыстық кодекстің 301-бабы бойынша саралап, осы бапта көзделген ең төменгі жазаны тағайындауды сұрады. Н.-ға қатысты прокурордың ұстанымын қолдады.

Сот жаза тағайындау кезінде әр бапта көзделген жауапкершілік мөлшерін ескерді. Қылмыстық кодекстің 262-бабының 1-бөлігі бойынша 7 жылдан 12 жылға дейін, ал 2-бөлігі бойынша 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Кодекстің 297-бабының 4-бөлігі 15 жылдан 20 жылға дейін немесе өмір бойына бас бостандығынан айыруды көздейді. Ал 218-баптың 3-бөлігі бойынша 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы белгіленген.

Сот С.-ның кәмелетке толмаған балалары барын, ал Н.-ның шын жүректен өкінгенін жазаны жеңілдететін мән-жайлар деп таныды. Сонымен бірге С.-ның бұрын да осыған ұқсас қылмыс үшін сотталғаны анықталды. Сондықтан оның әрекетіндегі қылмыстардың қауіпті қайталануы жазаны ауырлататын мән-жай ретінде есептелді.

Қалған сотталушылар алғаш рет қылмыстық жауапқа тартылған. Дегенмен сот олардың аса ауыр қылмыстарды бірнеше рет жасағанын да ескерді.

Нәтижесінде сот С.-ны мүлкін тәркілей отырып, 22 жылға бас бостандығынан айырды. Оның әрекеттерінде қылмыстардың қауіпті қайталануы бар деп танылды.

С.Р.В. мүлкі тәркіленіп, 19 жылға сотталды. Сонымен қатар ол Қылмыстық кодекстің 296-бабының 3-бөлігі бойынша ескіру мерзімінің өтуіне байланысты қылмыстық жауаптылықтан босатылды.

С.Р.Т. мен В.-ның әрқайсысы 16 жылға бас бостандығынан айырылды. Олардың да мүлкі тәркіленеді.

Ал Н.-ға мүлкін тәркілей отырып, 10 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

Сот үкімі әлі заңды күшіне енген жоқ.

Атай кетейік, бұған дейін Астанада жүргізуші куәлігін заңсыз алуға көмектескен ұйымдасқан қылмыстық топтың әрекеті әшкереленген.

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу