Ақтөбедегі жантүршігерлік апаттың себебін анықтауға Үкімет комиссия құрды

Ақтөбе облысындағы ірі жол апатына байланысты үкіметтік комиссия құрылды, деп хабарлайды POLITICO.KZ.
Премьер-министр Олжас Бектеновтің тапсырмасымен Ақтөбе облысының Әйтеке би ауданына қарасты Бөгетсай ауылы маңында болған ауыр жол апатының себептерін анықтау үшін үкіметтік комиссия құрылды.
Үкімет басшысы комиссия мүшелеріне жұмысқа дереу кірісіп, апаттың нақты себептерін жан-жақты зерттеуді, сондай-ақ қаза тапқандар мен зардап шеккендердің отбасыларына шұғыл көмек көрсетуді тапсырды.
Комиссияны Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев басқарады. Оның құрамына Ішкі істер, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Денсаулық сақтау және Көлік министрліктерінің басшылары мен Ақтөбе облысы әкімдігінің өкілдері кірді.
Еске сала кетейік, 23 қазан күні Әйтеке би ауданының Бөгетсай ауылының шетінде жүк көлігі DAF пен жолаушылар таситын ГАЗель көлігі соқтығысқан. Апат салдарынан екі жүргізуші мен «ГАЗель» салонында болған он жолаушы қаза тапты. Тағы бес адам ауруханаға жеткізілді, олардың үшеуінің жағдайы ауыр деп бағалануда.
Алдын ала мәлімет бойынша, жүк көлігі қарсы бағыттағы жолаққа шығып кеткен. Оқиға бойынша тергеу амалдары басталды.
Соңғы жаңалықтар





