Ресейлік кәсіпкерлер Kaspi.kz арқылы тауар сатуы мүмкін

Ресейлік кәсіпкерлер Kaspi.kz арқылы тауар сатуы мүмкін
Фото: Politico.kz

Ресейдің Мәскеу облысындағы кәсіпкерлерге Қазақстанның Kaspi.kz және Ozon.kz платформаларында тауар сатуға көмектесетін арнайы бағдарлама іске қосылды. Ресей билігі олардың шығынының 75%-ын өз мойнына алмақ. Бұл туралы ТАСС агенттігі жазды, деп хабарлайды Politico.kz.

Бағдарламаны Мәскеу облысының сыртқы экономикалық қызметті қолдау қоры іске қосқан. Ол бұған дейін шетелге тауар сатып көрмеген, экспортты енді бастағалы отырған кәсіпкерлерге арналған.

Мәскеу облысы үкіметі төрағасының орынбасары, инвестициялар, өнеркәсіп және ғылым министрі Екатерина Зиновьеваның айтуынша, шетелдік маркетплейстерге шығу кәсіпкерлер үшін қосымша шығын мен ұйымдастыру мәселелерін туғызады.

«Біздің міндетіміз – кәсіпкерлерге кәсіби қолдау көрсетіп, қаржылық жүктемесін азайту. Қор қызмет құнының 75%-ын өз мойнына алады. Ал компанияларға нарықты зерттеуден, тауарды дайындаудан бастап, оны сауда алаңында жарнамалауға дейін жан-жақты көмек көрсетіледі», – деді Зиновьева.

Мәскеу облысының инвестициялар министрлігі бұл бағдарлама Қазақстандағы Kaspi.kz және Ozon.kz платформаларын қамтитынын нақтылады.

Ресейлік кәсіпкерлерге аталған платформаларда тіркелуге, нарық пен бәсекелестерді зерттеуге, тауардың бағасын есептеуге көмектеседі. Сондай-ақ өнімді тасымалдау, қаптау, қажетті құжаттарды дайындау және қоймада сақтау қызметтері қарастырылған.

Бұдан бөлек, бағдарламаға қатысқан компанияларға алты ай бойы қолдау көрсетіледі. Осы уақыт ішінде олардың тауарларын жарнамалау және түрлі жеңілдік акцияларына қатыстыру жұмыстары жүргізіледі.

Ресей билігі осылайша отандық компаниялардың Қазақстан нарығына мүмкіндігінше аз шығынмен шығуына жағдай жасамақ.

Еске салайық, бұған дейін Ресейдегі маркетплейстерге Украина дрондары соққы жасағаннан кейін Қазақстанда Wildberries қоймасы салынатыны белгілі болған еді.

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу