«Болашақтың ғылымы туралы әңгіменің құны көк тиын»: Болат Әбілов ҚазҰУ басшылығын сынға алды
Кәсіпкер Болат Әбілов әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде он күн ішінде екі бірінші курс студентінің қаза табуына қатысты пікір білдірді. Ол оқу орнының проректоры мен деканын қызметінен босату мәселені түбегейлі шешпейді деп санайды және университетті басқару тәсіліне күмән келтірді, деп хабарлайды Politico.kz сайты Ulysmedia.kz сайтына сілтеп.
Болат Әбілов студенттер өлімінен кейін ҚазҰУ басшылығының проректор мен факультет деканын жұмыстан босату туралы шешіміне назар аударды. Оның пікірінше, әкімшілік тек әдеттегі формалды кадрлық шаралармен ғана шектелген.
— Біздің басқару мәдениетімізге тән әдеттегі реакция: бір-екі адамды қызметінен алып тастады, тергеу құпиясына сілтеме жасап баспасөз хабарламасын таратты, бақылауды күшейтуге уәде берді. Ұлттық университетті жабық ведомстволық мекеме сияқты басқаруға болмайды. Өңірлерден ата-аналар балаларын оқуға жібергенде, университетке ең қымбат қазынасын сеніп тапсырады, — деп жазды кәсіпкер.
Ол ректордың жұмысын ең алдымен студенттердің қауіпсіздік деңгейімен бағалау қажет деп есептейді. ҚазҰУ-дың мықты ғылыми мектебі мен дарынды жастары болғанымен, сауатты басқарусыз мұның бәрі жеткіліксіз екенін атап өтті:
— Егер жоғары оқу орны студенттерді өз жатақханаларындағы қарапайым бассыздық пен зорлық-зомбылықтан қорғай алмаса, жаһандық бәсекеге қабілеттілік пен болашақтың ғылымы туралы барлық әңгіменің құны көк тиын, — деді ол.
Кәсіпкер жоғары білім беру саласындағы кадр саясатын да сөз етті. Ол мысал ретінде бұрынғы вице-министр Гүлзат Көбенованың Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің ректоры болып тағайындалуын келтіріп, оның қызметінен босатылуына дейін Жоғары аудиторлық палата ғылымды қаржыландыруға жүргізілген тексеру қорытындысын жариялағанын еске салды.
— Университеттер ректорлар, министрлік немесе бұрынғы шенеуніктер үшін жұмыс істемейді. Егер мемлекеттік университет студенттерге тіпті базалық қауіпсіздікке кепілдік бере алмаса, басшылық әлдеқайда іргелі сұраққа жауап беруі тиіс: олардың өзі осы университет лайық жауапкершілік деңгейіне сай келе ме? — деді Болат Әбілов.
Оның сенімінше, ҚазҰУ-ға жаңа даму бағдарламалары емес, студенттерге қауіпсіз жағдай жасап, оқу орнының әлеуетін аша алатын басшылық қажет.
Еске сала кетейік, он күн ішінде әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да екі бірінші курс студенті көз жұмды:
- Журналистика факультеті студентінің қайтыс болғаны белгілі болды.
- Университет жатақханасында география факультетінің студенті Дауыл Бақыртай қаза тапты. Аталған іс бойынша полиция бір күдіктіні ұстады. Марқұмның туыстары жатақханада әлімжеттік (дедовщина) болғанын мәлімдеді.
Екінші қайғылы оқиғадан кейін университет басшылығы проректор мен факультет деканын қызметінен босатып, жатақханада кезекшілік еткен қызметкерлерді жұмыстан шеттетті. Ал Ғылым және жоғары білім министрлігі ҚазҰУ-ға кешенді тексеру жүргізілетінін жариялады. Арнайы топ университеттің студенттер қауіпсіздігін қалай қамтамасыз ететінін және олардың өтініштеріне қалай әрекет ететінін зерделейді.
Соңғы жаңалықтар