"Бес күн мені емізген": Бельгиялық отбасы асырап алған Жәнібек анасымен кездесті

"Бес күн мені емізген": Бельгиялық отбасы асырап алған Жәнібек анасымен кездесті
Фото: Stan.kz

Бельгиялық отбасы асырап алған қазақ баласы Жәнібек (Мұрат Савельев) әлеуметтік желідегі парақшасында анасымен Астанада қалай кездескенін және оның қоштасу хатын қалай тапқанын егжей-тегжейлі баяндап берді, деп хабарлайды Politico.kz.

Оның айтуынша, бұл оқиға бірнеше жыл бұрын туған жері — Арқалықтағы перзентханаға барған кезден басталған. Өзі дүниеге келген ғимараттың дәліздерін аралап жүргенде, оның қолына анасы кезінде жазып қалдырған қоштасу хаты тиген. Жәнібек мұндай хаттың бар екенін бұрын-соңды білмегенін және оны оқыған сәттегі сезімін сөзбен жеткізу қиын екенін жазды:

«Хаттағы сөздер мен кейбір мәліметтер жүрегімді қатты толқытты. Жылдар бойы түрлі сұрақтарға жауап іздеп, өмірімнің бастауын түсінуге тырысып жүрдім. Ал сол күні өмірімнің алғашқы күндерінен қалған бір естелік қолыма тиді. Оны оқып отырып, көз жасымды ұстай алмадым», — деді ол.

Осыдан кейін Жәнібек сол хатты жазған анасын іздеуге кірісіп, ақыры оны тапқан. Екеуі Астана қаласында жүздескен. Жәнібек бұл кездесудің өте әсерлі әрі күрделі сезімдерге толы болғанын жасырмады:

«Онымен кездесу өте эмоционалды болды. Оны құшақтағым келді. Бірақ сонымен қатар әлі бәріне көз жеткізбей тұрып, оған тым қатты байланып қалудан қорықтым», — деп бөлісті ол.

Кездесу барысында анасы сол кезеңдегі өмірі туралы бар шындықты айтып берген. Оның сөзінше, ол Жәнібек өмірге келген алғашқы бес күнде оған есімін беріп, емшек сүтімен емізген. Алайда сол уақытта отбасында өте қиын жағдайлар туындағандықтан, перзентханадан уақытша кетіп, алдымен үйіндегі мәселелерді шешіп, кейін баласына қайта оралуды жоспарлаған. Бірақ түрлі себептермен қайта орала алмаған, ал сәби жалғыз қалып, Арқалықтағы балалар үйіне орналастырылған.

Анасының әңгімесін тыңдаған Жәнібек көптен бері мазалаған сұрақтарына жауап тапқандай болғанымен, бұл жағдайды қабылдау оңайға соқпағанын айтады. Дегенмен ол анасын кінәламайтынын жеткізді:

«Бір нәрсені түсіндім: ол да біз сияқты адам. Әр адам қателеседі. Кейде өмірде қиын жағдайларға тап болып, дұрыс шешім қабылдай алмайтын кездер болады. Мен бұл жағдайға тек бір адамның кінәсі деп қарағым келмейді», — деді Жәнібек.

Алайда кездесу соңында тапсырылған ДНҚ сараптамасы күтпеген жайттың бетін ашқан. Тест нәтижесі сәйкес келмей, оның биологиялық анасы емес екені белгілі болған:

«Өкінішке қарай, тест нәтижесі сәйкес келмеді. Оның менің биологиялық анам емес екені анықталды. Бірақ ол өмірімнің алғашқы бес күнінде маған емшек сүтін берген. Осы жағдайға қарап, мен дүниеге келгеннен кейін бізді шатастырып, мені басқа әйелге беріп қойған болуы мүмкін деген ойға келдік. Яғни, ол да мені өзінің баласы деп ойлаған, ал мен басқа әйелдің баласы болып кеткен болуы мүмкін», — деп түйіндеді ол.

Жәнібек бұл оқиғаның әлі аяқталмағанын, алдағы жазбасында анасының биологиялық ұлының табылғаны туралы маңызды жаңалықпен бөлісетінін айтты.

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу