Атырауда қарт әкесін ұрды деп айыпталған ұлдың ісі прокуратураға қайтарылды

Атырауда қарт әкесін ұрды деп айыпталған ұлдың ісі прокуратураға қайтарылды
Коллаж: Politico.kz/ЖИ

Атырау облысының Жылыой ауданында сот 89 жастағы Әділхан Сисеновтің ұлына қатысты істі қосымша тергеуге жіберді, деп хабарлайды Politico.kz «Ақ Жайыққа» сілтеме жасап.

Бірнеше айға созылған сот талқылауы 20 қарашада аяқталуға тиіс еді. Сол күнгі отырыста жәбірленушінің адвокаты Жанар Молдашева айыпты қайта сарауды сұрады.

Адвокаттың айтуынша, қарияны ұрып-соғумен қатар қорлап, жәбірлеген, ал тергеу кезінде бұл жайттарға толық құқықтық баға берілмеген.

«Дәрігерлер атамның денесінде жарақаттар барын растады. Сондықтан істің саралануы өзгертілуі керек еді», – деді қарияның немересі Сәуле Әділхан.

Әділхан Сисенов – тыл ардагері, 3-топтағы мүгедектігі бар. Оның 8 ұлы мен 4 қызы бар. Қария алғашқы сот отырысына өзі келіп, 47 жастағы ұлы Қанаттың қол-аяғын байлап, сабағанын айтқан. Сөзінше, осы оқиғадан кейін микроинсульт алып, жадынан айырылып қала жаздаған. Қанат тағылған айыпты мойындамай, әкесінің сөзін жала деп атаған.

Судья Мұратқали Ысқақов тараптарды тыңдап, іс материалдарын Қызылқоға ауданының прокуратурасына жіберді. Сотталушы мен оның қорғаушысы бұған қарсы болды. Қосымша тергеу кезінде оқиғаның мән-жайы қайта тексеріліп, тағылған айыптың сотталушының әрекеттерін қаншалықты толық қамтитыны анықталмақ.

Еске салайық, оқиға маусымда Қызылқоға ауданының Сағыз ауылында болған. Жұрт бұл туралы әлеуметтік желіге видео тараған соң білген. 19 маусымда Қылмыстық кодекстің «Ұрып-соғу» бабы бойынша іс тіркелгені хабарланды. Сол кезде қария журналистерге ұлының өзін байлап, үйден шығармағанын айтқан.

Қарындасының айтуынша, Әділхан Сисенов дәретханаға барғанда қайшы тауып, өзін байлаған жабысқақ таспаны қиған. Таңғы сағат 4 шамасында ұлы ұйықтап қалған кезде басқа бөлменің терезесінен шығып, көрші тұратын туысының үйіне жеткен. Таңертең сол жерге қарындасын шақыртқан.

Оқиға жұртқа белгілі болғаннан кейін қарияның тағы бір немересі атасын қамқорлығына алғанын мәлімдеді. Бірнеше айдан соң қария денсаулығы сыр беріп, болған жайтты ұмыта бастағанын айтқан.

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу