Кеншіні ұшақпен құтқару: «Қазақмыс» оқу-жаттығу өткізді

Кеншіні ұшақпен құтқару: «Қазақмыс» оқу-жаттығу өткізді
Фото: «Қазақмыс» корпорациясы

Жезқазғанда «Қазақмыс» корпорациясы кеніште зардап шеккен жұмысшыны ұшақпен шұғыл түрде ауруханаға жеткізу бойынша оқу-жаттығу өткізді. Мамандар шалғайдағы өндіріс орнында төтенше жағдай болған кезде алғашқы медициналық көмек көрсетуден бастап, науқасты ауруханаға тапсыруға дейінгі әрекеттерді пысықтады, деп хабарлайды Politico.kz.

Компанияның хабарлауынша, жаттығу «Жомарт» кенішінде ұйымдастырылған. Сценарий бойынша кеніште төтенше жағдай болып, бір жұмысшы зардап шеккен. Оған шұғыл медициналық көмек көрсетіп, ұшақпен ауруханаға жеткізу қажет болған.

Оқу-жаттығуды «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС Әлеуметтік саясат департаментінің медицина бөлімі «Жезқазған медициналық орталығы», «Жезқазған-Эйр» авиакомпаниясы және корпорацияның тиісті бөлімшелерімен бірлесіп ұйымдастырған.

Мамандар төтенше жағдай туралы хабар түскеннен бастап, алғашқы көмек көрсету, науқастың жағдайы туралы ақпарат алмасу, оны ұшақпен тасымалдау туралы шешім қабылдау және жауапты қызметкерлерге хабарлау тәртібін тексерді. Сондай-ақ медициналық бригаданы дайындап, кеніштің медициналық пункті, аурухана мен авиациялық қызметтің өзара жұмысын пысықтады.

Жаттығудың тәжірибелік кезеңінде «Жезқазған-Эйр» компаниясының L-410 ұшағы пайдаланылды. Дәрігерлер мен ұшақ экипажы шартты түрде зардап шеккен адамды бортқа орналастырып, оны қабылдайтын медицина қызметкерлеріне тапсыру тәртібін көрсетті. Оқу-жаттығу кезінде ұшақ әуеге көтерілген жоқ.

Сонымен қатар эвакуацияның әр кезеңіне қанша уақыт кететіні есептелді. Мамандар алғашқы хабар түскеннен бастап, медициналық және ұйымдастыру жұмыстары аяқталғанға дейінгі уақытты тіркеді. Бұл мәліметтер қызметтердің қаншалықты жылдам әрекет ететінін бағалауға, ықтимал кідірістерді анықтауға және олардың жұмысын жақсартуға пайдаланылады.

«Қазақмыстың» мәліметінше, мұндай дайындық әсіресе елді мекендерден шалғай орналасқан кеніштер үшін маңызды. Өйткені жұмысшыны шұғыл ауруханаға жатқызу қажет болғанда, ұшақ оны мамандандырылған медициналық мекемеге жеткізу уақытын едәуір қысқарта алады.

Компания бұл жаттығуды өндіріс орындарындағы медициналық көмек көрсету жүйесін жетілдіру, қызметкерлерді төтенше жағдайға дайындау және жұмысшылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында өткізген.

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу