"Әрбір 5-ші қыз зорлыққа тап болған": Дина Төлепберген жантүршігерлік мәлімдеме жасады
Тележурналист Дина Төлепберген еліміздегі жасөспірімдер арасындағы жыныстық зорлық-зомбылықтың белең алғанын айтып, дабыл қақты, деп хабарлайды Politico.kz.
БАҚ өкілінің сөзіне қарағанда, қорғансыз балалар көбіне жақын туыстары тарапынан қорлық көреді және бұл мәселе қоғамда әлі күнге дейін жабық тақырып болып қалып отыр.
"Өкінішке орай, зорланған жасөспірімдерді көп көрдім. Кішкентай, 3, 4, 5, 6 жастағыларды. Туған әкесі, ағасы, жездесі, атасы зорлайды. Менің жеке субъективті статистикама сенетін болсаңыздар, Қазақстанда әрбір 5-ші қыз жыныстық зорлыққа тап болған. Бұл – трагедия. Қыздар үлкейген кезде де аналарына өкпелі. Өйткені аналарына айтқанда “ол мүмкін емес” деп, оны жабық тақырып етіп тастаған", – деді тележурналист.
Сонымен қатар Дина Төлепберген жасөспірімдер гинекологынан алған сұхбатына тоқталып, балаларға арналған ағартушылық жұмыстардың маңызы зор екенін атап өтті.
"Өткенде мен жасөспірімдер гинекологымен сұхбаттасқан болатынмын. Оның статистикасы бойынша, әрбір 3-ші қыз жыныстық қорлыққа тап болған. Сондықтан да “жеке шекара, менструация, дене” тақырыбын көтеруім осыны шешу үшін. Ең болмаса әжетханадан бастап шешу керек деп шештім", – деп мәлімдеді ол.
Соңғы жаңалықтар