“Артық кеттіңіз”: Баян Алагөзованы басы тағы дауға қалды
Қазақстандық продюсер Баян Алагөзова Канье Уэсттің Алматыдағы концертіне қатысты пікір білдіріп, отандық және шетелдік әртістерге қойылатын талаптардың әртүрлі екенін айтты, деп хабарлайды Politico.kz.
Алайда оның жазбасы әлеуметтік желі қолданушылары арасында пікірталас тудырды.
Канье Уэсттің концерті 15 тамыз күні Алматыдағы Орталық стадионда өтті. Бұған дейін ауа райының қолайсыздығына байланысты шоу бір күнге кейінге шегерілген болатын. Концерт барысында ауқымды жарықтандыру құрылғылары мен пиротехникалық эффектілер қолданылды.
Баян Алагөзова өз жазбасында KeshYOU тобының стадионда өткен концерті кезінде де пиротехникалық шоу ұйымдастыруға рұқсат сұрағандарын еске алды. Оның айтуынша, сол кезде салют өткізуге үзілді-кесілді тыйым салынған.
Продюсер шетелдік әртістерге мұндай мүмкіндіктер берілетініне наразылығын білдіріп:
«Заң алдында бәрі тең, бірақ кейбіреулер теңірек пе?» деген мағынада пікір қалдырды.
Сонымен қатар Алагөзова KeshYOU-дың шоуын әлемдік деңгейдегі қойылым деп бағалап, Канье Уэсттің сахнадағы өнерін салыстырды. Оның рэпердің «сфераның үстінде ғана жүріп, аса қиналмағаны» туралы пікірі оқырмандар арасында қызу талқыланды.
Кейбір қолданушылар продюсердің бұл салыстыруын орынсыз деп санады. Олар Канье Уэсттің шоу форматы KeshYOU концертінен мүлде бөлек екенін айтып, оның сахнада күрделі хореография немесе жиі киім ауыстырусыз-ақ көрермен жинай алатынын жазды.
Осылайша, бастапқыда отандық және шетелдік әртістерге қойылатын пиротехника талаптары туралы болған мәселе әлеуметтік желіде KeshYOU мен Канье Уэст концерттерін салыстыруға қатысты пікірталасқа ұласты.
Соңғы жаңалықтар