Асхат Тарғын: Сүт алуға да ақша таппай қалған кездеріміз болды

28.09.2026 • 15:14 Томирис САҒЫНДЫҚ
Асхат Тарғын: Сүт алуға да ақша таппай қалған кездеріміз болды
163
Фото: видеодан скриншот

Әнші Асхат Тарғын шығармашылық жолының басында кезіккен қаржылық қиындықтар мен отбасылық жағдайы туралы айтып берді, деп хабарлайды Politico.kz.

Бұл туралы әнші «Кездесу» бағдарламасында айтып берді.

Оның сөзінше, Ақтөбе қаласына қоныс аударған алғашқы жылдары тапсырыстың аздығы салдарынан материалдық таршылық болған.

«Иә, ондай кезеңдер болды. Неге болмасын, болып тұрады. Қанша тырыссаң да, қаражат жетпей қалатын сәттер кездесті. 2005 жылы Шалқар ауданынан Ақтөбеге қоныс аудардым. Ол кезде алғашқы отбасыммен бірге тұратын едім. Шалқарда жүргенде сенбі, жексенбі сайын той-томалаққа шақыратын, ауылдың бәрі танитын. Ол кезде WhatsApp, Mail.ru Agent немесе ұялы телефон сияқты байланыс құралдары да жоқ еді. Ал Ақтөбеге көшкенде бізді ешкім танымайды, тек ауылдан шыққан бір-екі таныс қана бар. Олар да сирек шақыратындықтан, тапсырыс болмай қалатын», — деді өнер иесі.

Өнер иесі тұрмыстық тапшылықтың салдарынан баласына тамақ табудың өзі мұң болған сәттерді еске алды.

«Ол тұста жатақхананың кішкентай бөлмесінде тұрдық. Дәл сол кезде қалтамызда мүлде ақша қалмай, қиналып қалған сәтіміз болды. Қызым Айым ол кезде кішкентай, 2004 жылы туған, жас жарымдағы шағы еді. Шөлмектегі сүтті ішетін кезі. «Нан» деген арнайы сүт балалар тағамы 250 теңге тұратын. Ол кезде ақшаның да құны жоғары еді. Қарасақ, үйде сондай сүтті де сатып алуға 250 теңге табылмай қалды. Не істерімізді білмей, екеуміз сүтсіз, нансыз қара шай ішіп отырмыз. Бүгін бейсенбі екен. Сенбі күні өтетін тойым бар, соған барып қызмет көрсетсем, 10 000 теңге аламын. Ол кездегі 10 000 теңге қазіргі 70-80 мың теңгемен тең, өте құнды ақша еді. Тойға аппаратурамды, екі колонкамды өзім тасып, диджей де болып, беташар айтып, іс-шараны толық өзім жүргізетінмін», — деді Асхат Тарғын.

Тығырықтан шығу үшін уақытша қарыз алып, алдағы тапсырысқа дейін күн көруге тура келген.

«Содан көршімізден 500 теңге қарызға сұрап алдық. Ол 500 теңгенің 250 теңгесіне қызымызға «Нан» сүтін, қалғанына шайға қосатын сүт, нан және бір-екі килограмм вермишель сатып алдық. Сол 500 теңге бәріне жетті. Осылайша сенбіге дейін жеткізіп, сенбі күні тойдан 10 000 теңгемді алып, ары қарай тіршілігімізді жалғастырып кеттік», — деп толықтырды ол.

Әнші кез келген отбасында қаржылық дағдарыстардың болып тұратынын және қазір де қарапайым өмір сүретінін атап өтті.

«Міне, осындай да қаржылай таршылық көрген күндеріміз өтті. Кейде отбасылық, қаржылық дағдарыстар болып тұрады. Бірдеңе сатып алсаң, артың қысылыңқы болып, үнемдеуге тура келеді. Мұндай жағдайлар қазір де ара-тұра болып тұрады, бұл — өмір. Біреулер басқаша ойлауы мүмкін, бірақ біз — кәдімгі қарапайым, орташа отбасымыз. Ешкімнен ештеңе сұрамаймыз, тапқанымыз өзімізге жетеді. Осылайша ақырындап алға жылжып келе жатырмыз», — деді Асхат Тарғын.

Войдите, чтобы оставить комментарий