Әскерге аттанған 18 жастағы сарбаз жындыханадан бір-ақ шықты

Әскерге аттанған 18 жастағы боз бала жындыханадан бір-ақ шықты, деп хабарлайды Информбюро 31 арнасы.
Маңғыстау облысында 18 жастағы сарбаз жындыханаға жатқызылды. Оның туыстары бұл жағдайға әскердегі әлімжеттік себеп болды деп санайды. Сарбаздың анасының айтуынша, оның ұлын әскери бөлімде ұрып-соғып, қорлаған.
Бұл оқиға Бейнеу ауданында орналасқан 99116 әскери бөлімінде болған. Анасы Лаура Шынтемірованың сөзінше, оның ұлы Сұлтан көрген қорлығына шыдай алмай, екі рет өз-өзіне қол жұмсамақ болған. Алғашқысында білегін тілсе, араға бес ай салып, тағы да сондай әрекетке барған.
Анасы ұлының жындыханаға түскенін кездейсоқ білген. Оған бұл туралы басқа сарбаздардың ата-аналары хабарлаған. Әскери бөлімнің командирі болса, оған мүлдем басқа нәрсе айтқан.
«Маған Бекзат командирі айтты звондап сіздің балаңыз жүрек пен почкадан ұсталып тұр. Соны докторға апара жатырмыз деп айтты маған. Почкасын тексертеді, жүрегін тексертеміз деп айтты деп өтірік алдап психбольницаға әкеліп жатқызып тастаған. Оны мен ата-анадан естімесем баламның психбольницада жатқанын да білмеймін», – дейді сарбаздың анасы.
Лаура Шынтемірова ұлының әскерилер тарапынан үнемі қысым көріп келгенін айтады. Оның сөзінше, жас сарбаздарды қара жұмысқа жегіп, тіпті біреудің құрылысында кірпіш құйғызған кездері де болған. Анасы қорғаныс министрінен көмек сұрап отыр.
Қазіргі таңда Сұлтан Шынтеміровтың психиатриялық орталықта жатқанына бір апта болды. Орталықтың директорының айтуынша, сарбаз білегіндегі тырналған жарақаттармен және өзіне қол жұмсау белгілерімен түскен. Қазір онымен психолог мамандар жұмыс істеп жатыр. Сондай-ақ, бұл орталықта одан бөлек тағы екі сарбаз ем қабылдап жатқаны белгілі болды.
Осы оқиғаға байланысты арнайы тексеріс басталды. Оқиғаның анық-қанығын арнайы комиссия анықтайтын болады.
Соңғы жаңалықтар





