«Қазақмысқа» жұмысқа орналастыруға қатысты үш қылмыстық іс тіркелді
«Қазақмыс» корпорациясының кәсіпорындарына жұмысқа орналастыру кезінде үш заң бұзушылық анықталды. Оқиғалар Жезқазған, Сәтбаев және Балқаш қалаларында тіркелген, деп хабарлайды Politico.kz.
2026 жылдың қарашасында корпорацияның қауіпсіздік қызметі құқық қорғау органдарымен бірлесіп, жұмысқа орналастыруға байланысты заңсыз әрекеттерді анықтаған. Осы деректер бойынша алаяқтық және коммерциялық параға сатып алу баптарымен үш қылмыстық іс тіркелді. Қазір тергеу жүріп жатыр.
Корпорация сыбайлас жемқорлықтың кез келген түріне, алаяқтыққа және жұмысқа орналастыру кезінде заңсыз делдалдық жасауға жол бермейтінін мәлімдеді.
Компанияның хабарлауынша, «Қазақмысқа» жұмысқа тұру тегін және тек ашық конкурс арқылы жүзеге асады. Барлық бос жұмыс орны корпорацияның ресми мансап порталында жарияланады. Үміткерлерден іріктеудің ешбір кезеңінде ақша немесе қандай да бір сыйақы талап етілмейді.
Сондай-ақ жеке пайда табу үшін қызметтік жағдайын немесе корпорация қызметкері мәртебесін пайдалануға тыйым салынған. Мұндай әрбір дерек заңда белгіленген тәртіппен қаралады.
«Қазақмыс» жұмыс іздеушілерді тек ресми арналар арқылы өтініш беруге, ақшаға жұмысқа орналастыруға кепілдік беретін ұсыныстарға сенбеуге, делдалдарға немесе басқа адамдарға ақша бермеуге шақырды.
Корпорация өз қызметкерлері мен кәсіпорындары орналасқан өңірлердің тұрғындарынан осындай заңсыз әрекеттер туралы білсе, дереу хабарлауын сұрайды.
Күдікті ұсыныстар туралы SENIM жедел желісінің 8 800 080 80 89 нөміріне немесе тікелей құқық қорғау органдарына хабарлауға болады. Қоңырау шалу тегін.
Корпорация жұмысқа орналастыру кезіндегі заңсыз әрекеттердің алдын алу және жолын кесу үшін құқық қорғау органдарымен тұрақты түрде жұмыс істеп жатқанын мәлімдеді.
Соңғы жаңалықтар