Атырауда ҰҚК, Антикор, ІІМ және прокуратураның жалған куәліктері сатылған

Атырауда ҰҚК, Антикор, ІІМ және прокуратураның жалған куәліктері сатылған
Фото: polisia.kz

Атырау облысында полиция қызметкерлері мемлекеттік органдардың жалған қызметтік куәліктерін дайындау және сату арнасының жолын кесті, деп хабарлайды Politico.kz.

Polisia.kz хабарлауынша, оқиға 23 қараша күні тәртіп сақшыларының ішінде төрт ер адам отырған Lexus 470 автокөлігін тоқтатуынан басталған. Көлікті тексеру кезінде тапанша макетіне ұқсас зат пен ҰҚК қызметкерінің қызметтік куәлігі табылып, тексеріс барысында құжаттың жалған екені анықталған.

«Одан әрі жүргізілген жедел-іздестіру іс-шаралары барысында полиция қызметкерлері жалған құжаттарды дайындады деген күдікпен Атырау облысының 39 жастағы тұрғынын анықтады», – деді ІІМ баспасөз хатшысы Шұғыла Тұрлыбек.

Күдіктінің тұрғылықты жерін тінту кезінде түрлі мемлекеттік және құқық қорғау органдарының 803 жалған қызметтік куәлігі тәркіленді:

  • 606 – ұлттық қауіпсіздік комитетінің (ҰҚК);
  • 95 – ішкі істер министрлігінің (ІІМ);
  • 47 – мемлекеттік кірістер органдарының;
  • 46 – прокуратураның;
  • 9 – сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің куәліктері.

Бұдан бөлек, ҰҚК-нің 367 эмблемасы, мөрлер, компьютерлік техника, принтер, қатқыл диск және жалған құжат жасауға арналған өзге де жабдықтар айғақ зат ретінде алынды.

Алдын ала мәлімет бойынша, 39 жастағы ер адам жалған куәліктерді сатумен айналысқан. Тоқтатылған автокөліктегі жолаушылардың бірі одан осындай құжатты сатып алғаны белгілі болды.

«Қазіргі уақытта полиция құқыққа қайшы әрекеттің барлық мән-жайын, ықтимал сыбайластарын және жалған қызметтік куәліктерді сатып алған адамдарды анықтап жатыр. Жедел-тергеу іс-шаралары жалғасуда», – деп қорытындылады ІІМ өкілі.

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу