Каспийдегі қасіреттен кейінгі тексеріс: 13 қылмыстық іс қозғалды
Қорғаныс министрлігін тексерудің алғашқы кезеңінен кейін 13 қылмыстық іс қозғалды. Істер мемлекет мүлкін талан-таражға салу, қызметтік өкілеттікті асыра пайдалану және министрлікке қарасты ұйымдар мен бөлімшелердегі басқа да заң бұзушылықтарға қатысты, деп хабарлайды Politico.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қорғаныс министрлігін кешенді тексеру жөніндегі комиссия мүшелерімен кеңес өткізді. Комиссия төрағасы, Қауіпсіздік Кеңесі Төрағасының орынбасары Аида Балаева жұмыстың алғашқы нәтижелерін баяндады.
Ақорданың мәліметінше, Маңғыстаудағы қайғылы оқиға Қарулы күштерде қордаланған жүйелік мәселелерді көрсеткен. Алдын ала тергеу әскери іс-шараларды жоспарлау кезінде өрескел қателіктер жіберілгенін және бұрынғы басшылық тарапынан тиісті бақылау болмағанын анықтаған.
Оқу-жаттығуды дайындау мен жоспарлау кезінде тәуекелдерді бағалау, десант түсіруді ұйымдастыру және әскери қызметшілердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қатысты елеулі кемшіліктерге жол берілген.
Осы оқиға бойынша қолбасшылық құрамның салғырттығына қатысты тергеу жалғасып жатыр. 5 лауазымды тұлға тұтқындалған. Олардың әрекетіне түпкілікті құқықтық баға тергеу аяқталғаннан кейін беріледі.
Тоқаев алғашқы кадрлық шешімдер қабылданғанын, алайда әскери қызметшілердің қазасына кінәлі барлық лауазымды тұлға заңға сәйкес жауапқа тартылуға тиіс екенін айтты. Бұл мәселе Президенттің жеке бақылауында болады.
Тексеріс әскери тәртіп пен құқық бұзушылықтардың алдын алу жұмыстарындағы кемшіліктерді де анықтаған. Әскери қызметшілерге әлімжеттік жасау және жарғыға қайшы әрекеттер бойынша қылмыстық істер қозғалған.
Қазір қауіпсіздік талаптары мен әскери қызметті өткеру шарттарының сақталуына, тылдық қамтамасыз етуге және жеке құраммен тәрбие жұмысын ұйымдастыруға ерекше назар аударылып отыр.
Еске салайық, 26 қыркүйекте Тоқаев Қорғаныс министрлігіндегі жағдайды, соның ішінде әскери бөлімдердің қаржылық және материалдық-техникалық қамтамасыз етілуін тексеруді тапсырған. Бұл шешім Каспийдегі оқу-жаттығу кезінде 14 әскери қызметші қаза тапқаннан кейін қабылданды.
Ал бүгін, 5 қазанда Президент Жоғары аудиторлық палатаның төрағасы Әлихан Смайыловты қабылдап, министрліктегі бюджет қаражатының жұмсалу тиімділігіне жүргізіліп жатқан жоспардан тыс аудиттің барысы туралы есеп тыңдаған еді.
Соңғы жаңалықтар