Астана – Павлодар тасжолындағы апат: 21 жастағы студент екі аяғынан айырылды

31.05.2026 12:26 Қарақат АСЫЛОВА
Астана – Павлодар тасжолындағы апат: 21 жастағы студент екі аяғынан айырылды
252
Видеодан кадрлар
Павлодар тасжолындағы апаттан кейін 21 жастағы жігіт комаға түсті

Астана – Павлодар тасжолында жолаушылар мінген такси ауыр жол-көлік оқиғасына ұшырап, салдарынан 21 жастағы студент екі аяғынан айырылды, деп хабарлайды Politico.kz.

Павлодар облыстық полиция департаментінің мәліметінше, қайғылы оқиға 29 мамырға қараған түні болған. Hyundai Tucson автокөлігін басқарған 22 жастағы жүргізуші темір қоршауға соғылған. Апат салдарынан үш адам түрлі жарақатпен ауруханаға жеткізілді.

Оқиға орнынан түсірілген видеолардан темір қоршаудың бір бөлігі көліктің алдыңғы жолаушы отырған жағынан салонды тесіп кіргені байқалады. Қазіргі уақытта көлік арнайы айып тұрағына қойылып, оқиғаның мән-жайын анықтау үшін тергеу амалдары жүргізілуде.

Полицияның алдын ала мәліметіне сәйкес, жүргізуші қисық темір қоршау түріндегі кедергіні байқамай, соған соғылған.

Ең ауыр жарақатты Астанадан Павлодардағы ата-анасына қайтып бара жатқан студент алған. Ол «Яндекс» қосымшасы арқылы такси шақырғаны белгілі болды.

Зардап шеккен жігіттің достарының айтуынша, жол апаты Төртқұдық ауылы маңындағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан аумақта болған. Олардың сөзінше, жолда ескерту белгілері қойылып, қозғалыс бағыты өзгертілгенімен, жүргізуші жоғары жылдамдықпен келе жатқан.

«Ол оқиға орнында бір аяғынан айырылды. Көп қан жоғалтты. Жедел жәрдем көлігінде жүрегі тоқтап қалғанымен, дәрігерлер оны аман алып қалды. Кейін ауруханада екінші аяғына да ампутация жасауға тура келді. Қазір ол комада жатыр», – дейді студенттің достары.

Жігіттің туыстары оқиғаның әділ әрі объективті тергелуін талап етіп отыр.

Войдите, чтобы оставить комментарий