Мақаншыда ауруханада қайтыс болған әжейдің қыздары дәрігерлерді кінәлап отыр
Абай облысының Мақаншы ауданында 84 жастағы анасы ауруханада қайтыс болған отбасы оның денесінен зорлық-зомбылық белгілерін байқағанын айтып, Денсаулық сақтау министрлігінен тексеру жүргізуді талап етуде, деп хабарлайды Politico.kz КТК телеарнасына сілтеме жасап.
19 қараша күні Шакар Ибрагимованы қызы жедел жәрдеммен Мақаншы аудандық ауруханасына жеткізген. Айтуынша, анасының қолындағы гипсін таңдырып, кеудесін тыңдатып алмақ болған. Алайда дәрігерлер зейнеткерді бірден жансақтау бөліміне жатқызған. Ал емдеу бөліміне ауыстырғанда балалары анасын танымай қалғанын айтады.
– Бұл кісіге не болып қалған деп, ұлымыз екеуіміз шошып кеттік. Ана кісінің жағдайына қарап. Бір күнде ана кісі аруаққа айналған. Көз деген артқа кетіп қалған. Аузы ашылып қалған. Кеңірдегі ісіп тұрды, көгеріп. Аузының іші жара болып кеткен. Тіл деген қабыршақ-қабыршақ, – деді марқұмның қызы Зәуре Тоқжанова.
Отбасының айтуынша, дәрігерлердің бірі зейнеткердің үлкен қызына анасының өкпесінен су алатынын, одан қорқудың қажеті жоқ екенін айтқан. Алайда анасы қайтыс болғаннан кейін қыздары оның денесінен күмәнді іздер байқаған.
– Денесінен байқағаным, аяғына, санына, қолына бәріне тығылған. Түгел іздері тұр. Екі аяқ байланған, екі аяқта ұйыған қан қып-қызыл. Мына сол жақ қолында, қолдын ба, темірдің бе ізі бар. Арқасы түгел қып-қызыл, – деді марқұмның тағы бір қызы Ақсәуле Тілеубаева.
Балалары анасының мәйітін ауылға жеткізу үшін көлік жалдаған. Алайда дәрігерлер мәйітті ауруханадан шамамен 60 шақырым жердегі Бақты ауылына жедел жәрдем көлігімен өздері жеткізген. Оның үстіне қайтыс болғаны туралы анықтамаға зейнеткердің ауруханада емес, үйінде көз жұмғанын жазған.
Дәрігерлердің айтуынша, марқұм қатерлі ісікпен есепте тұрған және ауруханаға жеткізілген кезде жағдайы ауыр болған. Ал мәйітті жедел жәрдем көлігімен жеткізуді марқұмның немересі өзі өтінген. Медицина қызметкерлері анықтамада қате кеткенін мойындап, құжатты түзетіп беретінін айтқан.
Абай облысының денсаулық сақтау басқармасы осы оқиғаға байланысты арнайы комиссия құрған.
– Денсаулық сақтау басқармасынан тексеру жұмысы және тиісті іс-шара қолдануда. Комиссия құрамына денсаулық сақтау басқармасының басшысы және орынбасарлары, шттаттан тыс мамандар, сарапшылар комиссияда бар, – деді басқарманың стратегиялық бөлім басшысы Перизат Асқарқызы.
Отбасы мәйітке сараптама жүргізуге рұқсат бермеген. Зейнеткердің денесіндегі іздердің неден пайда болғаны әзірге анықталған жоқ. Марқұмның қыздары істі Денсаулық сақтау министрлігінің өзі тексеруін талап етіп отыр.
Соңғы жаңалықтар