Францияда полиция шашқан газдан кейін 15 әйел түсік тастағанын айтты

Францияда полиция шашқан газдан кейін 15 әйел түсік тастағанын айтты
Фото: istockphoto.com

Францияда полиция көзден жас ағызатын газ қолданған наразылық шерулерінен кейін мыңдаған әйел денсаулығына шағымданып, 15 әйел жүктілігінен айырылғанын хабарлады, деп жазады The Guardian.

Франция полициясы 17 қазандағы наразылық кезінде шамамен 22 мың газ гранатасын қолданған. Он сағат ішінде әр үш секунд сайын екі гранатадан атылған.

Осы оқиғадан кейін көзден жас ағызатын газдың әйелдер денсаулығына ықпалын зерттейтін Lacrymos de Sang феминистік ұйымы 9 200-ден астам әйел мен қыздың шағымын жинаған. Олардың арасында мектеп оқушылары да бар. Сауалнамаға қатысқандардың 94 пайызы гинекологиялық мәселелерге тап болғанын айтқан.

Газдың әсеріне ұшыраған 47 жүкті әйелдің 15-і түсік тастағанын хабарлаған. Тағы 17 әйел жатырдың жиырылуына, ауырсынуға немесе қан кетуіне шағымданған. Екеуі шұғыл медициналық көмекке жүгінген.

Сауалнамаға қатысқан әйелдердің бірі итін серуендетіп жүргенде газдың әсеріне ұшырап, жүктілігінің жетінші айында баласынан айырылғанын айтқан.

Басқа әйелдер етеккір циклінің бұзылғанына, бірнеше апта бойы қан кеткеніне және қатты ауырсынғанына шағымданған. Екі әйел көп қан жоғалтып, анемия диагнозымен ауруханаға түскен. Тіпті менопауза кезеңінен өткен әйелдер де осындай шағым айтқан.

Сауалнама нәтижесінде 20 жасқа толмаған қыздарда белгілердің ересек әйелдерге қарағанда жиі әрі ертерек байқалғаны анықталған.

Ұйым жинаған деректерді талдаған нейроэндокринология саласының зерттеушісі Солен Руже күйзелістің етеккір циклін бұзуы мүмкін екенін, алайда менопаузадан өткен әйелдердің қан кетуін немесе түсік тастау жағдайларын тек күйзеліспен түсіндіру мүмкін емес екенін айтады.

Lacrymos de Sang ұйымының негізін қалаушы Эва-Луна Толанс газдың әсеріне бірнеше рет ұшыраудың қыздар мен әйелдердің бала сүю қабілетіне ұзақ мерзімде қалай ықпал ететіні белгісіз екенін жеткізген.

Көзден жас ағызатын газдың құрамындағы CS химиялық затына қатысты токсикологиялық зерттеулердің басым бөлігі 1980 жылдары аталық жануарларға жүргізілген. Ал газдың етеккір цикліне ықпалы жөнінде ғылыми сараптамадан өткен екі-ақ зерттеу бар. Екеуінде де тікелей себеп-салдарлық байланыс дәлелденбеген.

Париждегі Пор-Рояль перзентханасының акушер-гинекологы Маха Ид 20 қазанда кезекшілік кезінде етеккірі қатты ауырсынумен өтіп, эндометриоз ауруы асқынған бірнеше науқасты қабылдағанын айтқан.

Дәрігердің түсіндіруінше, газдың құрамындағы химиялық зат жатырдың жиырылуына әсер етуі мүмкін. Бұл жүктіліктің алғашқы кезеңінде қауіп тудыруы ықтимал. Алайда нақты қорытынды жасау үшін қосымша зерттеулер қажет.

Францияның ішкі істер министрі Лоран Нуньес 2 қарашада парламентте үкіметтің 2021 және 2022 жылдары зерттеу жүргізгенін мәлімдеді. Министрдің айтуынша, газдың адам денсаулығына ерекше қауіп төндіретіні дәлелденбеген. Сондықтан билік оны қолдануды тоқтатпайды. Алайда екі зерттеудің де нәтижесі жұртшылыққа жарияланбаған.

Францияның Ішкі істер министрлігі әйелдердің денсаулығындағы өзгерістерге күйзеліс те әсер етуі мүмкін екенін алға тартып отыр.

Ал АҚШ-та көзден жас ағызатын газ бен етеккір циклінің бұзылуы арасындағы байланысты зерттеген Аша Хассан полиция қызметкерлеріне жүргізілген зерттеулердің нәтижесін балалар мен жасөспірімдерге қолдануға болатынына күмән келтірген.

Осындай шағымдар 2019 жылы Гонконгтағы, 2020 жылы АҚШ-тағы, сондай-ақ 2024 және 2025 жылдары Газа мен көші-қон мәселелеріне байланысты өткен наразылық шерулерінен кейін де тіркелген.

Белсенділер Франция билігінен көзден жас ағызатын газдың әйелдер мен балалардың денсаулығына әсерін жан-жақты зерттеуді және оны қолдану кезінде сақтық танытуды талап етіп отыр.

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу