Астанада көктайғақ салдарынан 100-ден астам жол апаты тіркелді

Астанада көктайғақ салдарынан 100-ден астам жол апаты тіркелді
Фото: fishki.net

Астанада қар жауып, жолдар көктайғаққа айналғаннан кейін жол қозғалысы қиындады, деп хабарлайды Politico.kz.

27 қараша күні таңертең елордада 100-ден астам жол-көлік оқиғасы тіркелген. Осыған байланысты полиция жүргізушілер мен жаяу жүргіншілерге ескерту жасады.

Полицияның мәліметінше, қар басқан және тайғақ жолдарда жол апатының туындау қаупі артқан. Тек 27 қараша күні таңертең құқық қорғау органдары жүзден астам жол-көлік оқиғасын тіркеген.

Осыған байланысты жүргізушілерге белгіленген жылдамдықты асырмай, көліктер арасындағы қауіпсіз қашықтықты сақтап, рөлде барынша мұқият болу ескертілді.

Әсіресе қиылыстарда, жаяу жүргіншілер өткелдерінде және қоғамдық көлік аялдамалары маңында сақтық таныту қажет. Мұндай учаскелерге жақындағанда жылдамдықты алдын ала төмендетіп, күрт маневр жасаудан аулақ болған жөн.

Полиция өкілдері көктайғақ кезінде көліктің толық тоқтауына көбірек уақыт пен қашықтық қажет екенін еске салды. Сондықтан жаяу жүргіншілерге де жолдан өтер алдында асықпай, көліктердің толық тоқтағанына көз жеткізу ұсынылды.

Құқық қорғау органдары қала тұрғындарын жол қозғалысы ережелерін сақтап, ауа райының қолайсыздығын ескеруге шақырды.

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу