Астанада балмұздақ жеген қыз жансақтау бөліміне түсті

01.07.2026 10:41 Әсел МҰРАТ
Астанада балмұздақ жеген қыз жансақтау бөліміне түсті
207
Фото: depositphotos.com

Астана қаласының тұрғыны әлеуметтік желіде қызының балмұздақ жегеннен кейін жансақтау бөліміне түскені туралы жазба жариялады, деп хабарлайды Politico.kz

Оның айтуынша, балада ішек инфекциясының белгілері анықталған. Әйел бұл жағдай Damu Mall сауда орталығындағы Bambino дүкенінен сатып алынған балмұздақпен байланысты болуы мүмкін деп болжап отыр. Алайда ол нақты қорытындыны санитариялық-эпидемиологиялық қызметтің (СЭҚ) тексеру нәтижесі шыққаннан кейін ғана жасауға болатынын айтты.

Сонымен қатар ол дәл осындай жағдайға тап болған өзге тұтынушылар болса, хабарласуды сұрады.

«Қызым балмұздақ жегеннен кейін жансақтау бөліміне түсті. Оның себебі Damu Mall-дағы Bambino дүкенінен сатып алған балмұздақ болуы мүмкін деп ойлаймын. Бірақ әзірге нақты айта алмаймын, өйткені СЭҚ қорытындысын күтіп отырмыз. Қазір жансақтау бөлімінде жатқан балалардың басым бөлігіне ішек инфекциясы диагнозы қойылған. Сондықтан баршаңызды сақ болуға шақырамын. Сондай-ақ басқа брендтің балмұздағын жегеннен кейін сепсиске шалдыққан тағы бір бала осында жеткізілді. Егер балмұздақтан улану дерегі сізде де болған болса, хабарласуыңызды сұраймын. Bambino компаниясы өз кінәсін мойындамай, мұндай жағдай бойынша жаппай шағым түспегенін айтып отыр», – деп жазды ол.

Өз кезегінде Bambino Kazakhstan компаниясы жарияланымға пікір білдіріп, баланың тезірек сауығып кетуіне тілектестік білдірді. Компания өкілдерінің айтуынша, олар отбасы мүшелерімен бірден байланысқа шығып, өндіріс барысын және өнімге жүргізілген зертханалық зерттеулердің нәтижелерін таныстырған.

«Сіз алғаш хабарласқан сәттен бастап біз байланыста болдық. Сізбен компанияның директоры мен технологы сөйлесті. Біз өндіріс процесін және аталған партияға жүргізілген зертханалық сынақтардың нәтижелерін көрсеттік. Қазіргі уақытта зерттелген үлгілердің ешқайсысынан талапқа қайшы ауытқулар анықталған жоқ. Сонымен қатар зертханалық зерттеу жалғасып жатыр. Кез келген күмәнді толықтай жоққа шығару үшін зерттеу мерзімі әдейі ұзартылды», – делінген компанияның түсініктемесінде.

Войдите, чтобы оставить комментарий