Астанада дәрігерлер 11 жастағы баланың ішінен тіс шұқығыш шығарды

Астанада дәрігерлер 11 жастағы баланың ішінен тіс шұқығыш шығарды
15.03.2025 18:10
0
95
видеодан алынған кадр\ stan.kz

Астанада дәрігерлер 11 жастағы баланың ішінен тіс шұқығышты алып шықты. Баланың ата-анасы кешкі уақытта оның ішінің қатты ауырып жатқанын байқап, бірден ауруханаға жеткізген, деп хабарлайды POLITICO.KZ КТК арнасына сілтеме жасап.

Мамандар баланы толықтай тексеріп, рентгеннен бөгде затты анықтағанымен, оның нақты не екенін бірден білу мүмкін болмады. Өткір зат ішекке жабысып қалып, баланың жағдайы нашарлай түскен соң дәрігерлер шұғыл түрде ота жасауға шешім қабылдады.

Операция кезінде мамандар тіс шұқығыштың ішек жолында тұрып қалғанын анықтап, оны сәтті алып шықты. Қабыну деңгейіне қарап, дәрігерлер баланың бұл затты бірнеше жыл бұрын жұтып қойған болуы мүмкін екенін айтты. Өңеш арқылы өткен тіс шұқығыш ішек жолының ортасына тіреліп, уақыт өте келе ішекке біте қабысқан.

“УЗИ мен КТ зерттеулері нәтижесінде ішекте ісікке ұқсас бөгде зат бар деген күдік туындады. Лапароскопия кезінде ісік ашылғанда, оның ұзақ уақыт бойы қалып қойған тіс шұқығыш екені анықталды”, – дейді Астана қалалық №2 көпбейінді аурухананың хирургі Әсем Шәкеева.

Қазіргі уақытта бала дәрігерлердің бақылауында, жағдайы тұрақты. Мамандар ата-аналарға балалардың қауіпсіздігіне мұқият мән беруге кеңес береді.

Пікірлер (0)
Здесь пока ничего нет
Пікір қалдырыңыз
Войдите, чтобы оставить комментарий