Астанада интернет арқылы таныстық қыздың өлімімен аяқталды
Астанада ғаламтор арқылы танысқан қыз бен жігіттің қарым-қатынасы адам өлімімен аяқталды. Қаскөй бойжеткенді тұншықтырып өлтіріп, оның саяхатқа жинаған барлық қаражатын иемденіп кеткен, деп хабарлайды Politico.kz
Kozachkov offside Telegram-арнасының дерегінше, Алина мен Владислав Андрюшкин қаңтар айында интернет арқылы танысып, араласа бастаған. Алайда көп ұзамай қыз бұл қарым-қатынасты үзгісі келетінін жақындарына айтып, алдағы уақытта Таиландқа демалуға баруды жоспарлап жүрген. Ол бұл сапарға ұзақ уақыт қаржы жинап, дайындалған.
4 ақпан күні олар қайта жүздесіп, сыра ішкеннен кейін Алина уақытша тұрып жатқан пәтерге барған. Арада шыққан белгісіз жағдайдан соң жігіт қызды тұншықтырып өлтірген. Ол қылмысын жасыру үшін дереу марқұмның шотындағы барлық қаражатты досының картасына аударып, ештеңе болмағандай таксимен көңіл көтеруге кеткен. Кейін ақшаны қолма-қол шешіп алып, Таразға қашпақ болған кезінде полиция құрықтады. Марқұмның денесін хабар-ошарсыз кеткеніне алаңдап іздеп келген әпкесі мен құрбысы тапқан.
Сот барысында сотталушы ұрлықты мойындағанымен, кісі өлтіру дерегін «абайсызда өлімге әкеп соғу» деп жеңілдетуді өтінген. Алайда судья Саят Ташимбаев іс-әрекеттің қасақана жасалғанын дәлелдеп, Владислав Андрюшкинді 10 жылға бас бостандығынан айырды. Сот үкімі заңды күшіне енді.
Марқұмның әпкесі Александра сот үкімімен келіспей, жазаның тым жеңіл екенін жеткізді:
«Бір күні ол түрмеден шығып, жақындарының жанына оралады, өмір сүруін жалғастырады. Ал менің сіңлім мәңгілік қара жердің астында қалды», — деп күйінді ол.
Соңғы жаңалықтар