Алматыда $75 мың пара алған экс-вице-министр сотталды
Алматыда Еңбек ресурстарын дамыту орталығы мен Бірінші кредиттік бюроның бұрынғы басшыларына қатысты атышулы іс бойынша үкім шықты. Сот бес адамды 2 жылдан 7 жыл 6 айға дейін бас бостандығынан айырды. Олардың қатарында бұрынғы вице-министр де бар, деп хабарлайды Politico.kz.
Бүгін Алматының Алмалы аудандық соты Еңбек ресурстарын дамыту орталығының бұрынғы президенті Дәулет Арғандықов пен Бірінші кредиттік бюроның бұрынғы бас директоры Руслан Омаровты 7 жыл 6 айға бас бостандығынан айырды. Екеуіне де мемлекеттік қызметте және квазимемлекеттік секторда қызмет атқаруға өмір бойына тыйым салынды.
Сот Арғандықовты қызметтік өкілеттігін теріс пайдалану, зиянды бағдарламаларды қолдану және пара беру баптары бойынша кінәлі деп таныды. Ал Омаров пара беру, қызметтік өкілеттікті теріс пайдалануға көмектесу және зиянды бағдарламаларды қолдануға қатысу баптары бойынша сотталды.
Бұрынғы еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Ақмәди Сарбасов пара алғаны үшін 4 жылға бас бостандығынан айырылды. Оған да мемлекеттік қызмет пен квазимемлекеттік секторда жұмыс істеуге өмір бойына тыйым салынды.
Ал Еңбек ресурстарын дамыту орталығының бұрынғы қызметкерлері Тәуке Болатбаев пен Ақжол Дошимов зиянды компьютерлік бағдарламаларды қолданғаны үшін кінәлі деп танылды.
Бастапқыда екеуіне 3 жыл түрме жазасы тағайындалған. Алайда сот Конституцияның 30 жылдығына орай жарияланған рақымшылықты қолданып, жазаны үштен бірге қысқартты. Нәтижесінде әрқайсысы 2 жылға сотталды. Сондай-ақ оларға ақпараттық технологиялар мен телекоммуникация саласында жұмыс істеуге 1 жылға тыйым салынды. Екеуі сот залында қамауға алынды.
Бес сотталушы да жазасын қауіпсіздігі орташа мекемелерде өтейді.
Сонымен бірге сот кейбір айыптар бойынша ақтау үкімін шығарды. Атап айтқанда, Сарбасов қызметтік өкілеттігін теріс пайдаланды деген айыптан ақталды. Арғандықов пен Омаровқа тағылған жекелеген айыптар да дәлелденбеді. Сот бұл эпизодтарда қылмыстық құқықбұзушылық оқиғасы болмағанын көрсетті.
Істегі $75 мың пара мен 2 млрд теңгенің жайы не болды?
Сот пара ретінде тәркіленген $75 мыңды мемлекет кірісіне өткізу туралы шешім қабылдады.
Ал Еңбек ресурстарын дамыту орталығының 2 млрд теңгеден астам қаржыны өндіріп алу туралы талабы қылмыстық іс аясында қанағаттандырылмады.
Судьяның түсіндіруінше, бұл сома тікелей келтірілген шығын емес, мемлекеттік орталықтың ала алмаған табысы ретінде есептелген. Қылмыстық-процестік кодекстің 166-бабына сәйкес, мұндай талап қылмыстық іс аясында қаралмайды.
Сондықтан жәбірленуші тарапқа 2 млрд теңгеден астам қаражатты өндіріп алу үшін азаматтық сот ісін жүргізу тәртібімен бөлек талап қою құқығы түсіндірілді.
Қылмыстық іс қалай басталды?
Бұл іс Еңбек ресурстарын дамыту орталығы мен кредиттік бюролардың арасындағы келісімшартқа байланысты қозғалған.
Мемлекеттік орталық банктерге несие алушылардың төлем қабілетін тексеру үшін қазақстандықтардың табысы туралы мәлімет береді. Банктер бұл ақпаратты Бірінші кредиттік бюро және Мемлекеттік кредиттік бюро арқылы алады.
2019 жылы Еңбек ресурстарын дамыту орталығы Бірінші кредиттік бюромен келісімшарт жасасқан. Бастапқыда қызметтен түскен табыстың 75%-ы мемлекеттік орталыққа, 25%-ы жеке бюроға тиесілі болған.
Алайда 2020 жылдың желтоқсанында келісім өзгертіліп, мемлекеттік орталықтың үлесі 65%-ға дейін азайған. Ал Бірінші кредиттік бюроның үлесі 35%-ға өскен.
Сол уақытта Мемлекеттік кредиттік бюромен жасалған келісім бойынша табыстың 70%-ы мемлекеттік орталыққа, 30%-ы бюроға беріліп отырған.
Тергеу нұсқасына сәйкес, Арғандықов жеке компанияның мүддесін көздеп, оған тиімді шарттар жасауға келіскен. Айыптау тарапы екі бюромен жасалған келісімдердегі 5% айырмашылық салдарынан мемлекеттік орталық шамамен 2,088 млрд теңге табыстан қағылды деп есептеген.
Алайда қорғаушылар бұл есеппен келіспеді.
Руслан Омаровтың адвокаты Рашид Тенізбаев Forbes Kazakhstan басылымына берген сұхбатында келісім өзгергеннен кейін көрсетілетін қызмет түрлері көбейіп, мемлекеттік орталықтың табысы артқанын айтқан. Оның сөзінше, жүйені жаңарту шығындарын жеке бюро өз мойнына алған.
Адвокаттар бұрынғы келісім сақталғанда сұраныстар саны мен жалпы табыс дәл сондай болар еді деген тұжырымның негізсіз екенін алға тартты.
Бір бюроның жұмысын әдейі баяулатқан ба?
Істегі тағы бір айып компьютерлік бағдарламаларға қатысты болды.
Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, Еңбек ресурстарын дамыту орталығында Мемлекеттік кредиттік бюроның сұраныстарын өңдеуді әдейі 1–3 секундқа баяулататын бағдарлама қолданылған.
Ал Бірінші кредиттік бюроның сұраныстары жылдамырақ өңделген. Ол үшін қосымша байланыс арналары да пайдаланылған.
Тергеу мұндай әрекет салдарынан Мемлекеттік кредиттік бюроға түсетін сұраныстардың бір бөлігі жеке бюроға ауысуы мүмкін деп есептеген.
Бұл іске Арғандықовпен бірге орталық қызметкерлері Болатбаев пен Дошимовтың қатысы бар деген айып тағылған.
Бұрынғы вице-министрдің іске қандай қатысы бар?
2025 жылдың сәуірінде Еңбек ресурстарын дамыту орталығының басшысы болып бұрынғы бірінші вице-министр Ақмәди Сарбасов тағайындалған. Ол бұл қызметте үш айға да жетпеген.
Тергеу нұсқасы бойынша, Арғандықов пен Омаров жаңа басшы келгеннен кейін де Бірінші кредиттік бюро үшін тиімді келісімшарт талаптарын сақтап қалғысы келген.
Осы мақсатта Сарбасовқа $75 мың пара беруге келіскен деген айып тағылды.
2025 жылғы 28 маусымда Алматының Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің қызметкерлері Сарбасовты, Арғандықовты және Омаровты ұстады. Қаржылық мониторинг агенттігі олардың пара беру кезінде қолға түскенін хабарлаған.
Алайда сотталушылар бұл айыпты мойындамаған.
Сарбасов Арғандықовтан пәтерін жөндеуге $8 мың қарыз алғанын айтқан. Арғандықов та осы соманы бергенін растағанымен, оның пара екенін жоққа шығарған. Ал Омаров заңсыз сыйақы беруге қатыспағанын мәлімдеген.
Қорғаушылар пара беру нұсқасын бейнежазбалар мен тәркілеу материалдары да растамайтынын алға тартқан.
Бұған дейін тергеу барысында сотталушылардың 1 млрд теңгеден астам мүлкі мен бағалы қағаздарына тыйым салынғаны хабарланған.
2025 жылдың қыркүйегінде сол кездегі Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова орталықтың дерекқорынан азаматтардың жеке мәліметтері сыртқа тарамағанын мәлімдеген еді.
Прокурор қанша жыл сұраған?
2026 жылғы 6 қазанда сот тергеуі аяқталып, тараптар жарыссөзге көшкен.
Мемлекеттік айыптаушы Руслан Омаровты 15 жылға, Дәулет Арғандықовты 12 жылға, Ақмәди Сарбасовты 8 жылға бас бостандығынан айыруды сұраған. Ал Болатбаев пен Дошимовтың әрқайсысына 4 жыл 8 ай жаза тағайындауды ұсынған.
Прокурор сондай-ақ шамамен 2,088 млрд теңгені өндіріп алу туралы талапты қолдаған. Оның 1,959 млрд теңгесін Арғандықов пен Омаровтан, қалған 129,85 млн теңгесін Арғандықов, Омаров және Сарбасовтан бірлесіп өндіріп алуды сұраған.
Алайда сот әлдеқайда жеңіл жаза тағайындап, 2 млрд теңгеден астам қаражатты қылмыстық іс аясында өндіріп алу туралы талапты қараусыз қалдырды.
Бүгін жарияланған үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ.
Айта кетейік, биыл наурызда бұл қылмыстық істің тергеуі аяқталып, материалдар сотқа жолданған еді.
Соңғы жаңалықтар