Назарбаевтың орнына Қонаев: елімізде жаңа петиция пайда болды

Назарбаевтың орнына Қонаев: елімізде жаңа петиция пайда болды
Фото: ашық дереккөз

Ресми epetition.kz порталында Ақтау қаласындағы Тұңғыш Президент саябағының атауын өзгерту жөнінде петиция жарияланды. Бастама авторы Жанболат Аяғанов тұрғындардың сүйікті демалыс орнына көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, ғалым Дінмұхаммед Қонаевтың есімін беруді ұсынды, деп хабарлайды Politico.kz.

Петиция мәтінінде қазіргі Ақтаудың қалыптасуы мен Дінмұхаммед Қонаевтың Қазақ КСР-ін басқарған кезеңі арасындағы тығыз тарихи байланыс баса көрсетілген. Автор XX ғасырдың екінші жартысында Маңғышлақтың қарқынды дамуы, жаңа өндіріс орталығының бой көтеруі, инфрақұрылымның, энергетикалық және көлік жүйелерінің құрылуы, сондай-ақ әлеуметтік саланың өркендеуі тікелей Қонаевтың басшылығымен жүзеге асқанын атап өткен.

«Ол көптеген жылдар бойы республиканы басқарып, өнеркәсіптік әлеуетті дамытуға, жаңа қалалардың салынуына, табиғи ресурстарды игеруге және халықтың әл-ауқатын жақсартуға айрықша көңіл бөлді. Оның басшылық еткен жылдары Маңғыстау өңірінің қалыптасуы мен бүгінде еліміздің батысындағы маңызды орталықтардың біріне айналған қаланың дамуында шешуші кезең болды», –  делінген петицияда.

Атауын өзгерту ұсынылған демалыс орны қаланың 40-шағынауданында орналасқан. Тұңғыш Президент саябағының құрылысы 2021 жылы басталып, ресми түрде 2024 жылдың қарашасында пайдалануға берілген еді.

Бастаманы қолдап дауыс жинау 23 қарашаға дейін жалғасады.

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу