Шұғыл: «Қызыл-Жар» футбол клубының экс-президентіне іздеу жарияланды
Қаржылық мониторинг агенттігінің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаменті «Қызыл-Жар СҚ» футбол клубының бұрынғы президенті Григорий Отарович Лорияға мемлекетаралық іздеу жариялады, деп хабарлайды Politico.kz.
1954 жылы туған Қазақстан азаматы аса ірі көлемде бюджет қаражатын жымқырды және салық төлеуден жалтарды деген күдікке ілінген. Тергеу мәліметінше, келтірілген шығын көлемі 414 миллион теңгеден асады.
Агенттік мәліметінше, 2023 жылы аталған футбол клубының жұмысын қаржыландыру үшін жергілікті бюджеттен 1,7 миллиард теңге бөлінген болатын. Алайда күдікті бас бухгалтермен және басқа да тұлғалармен алдын ала сөз байласып, жалған қаржылық құжаттар арқылы қаражатты жеке шоттарға заңсыз аударып отырған.
Сонымен бірге клубтың бухгалтерлік және салықтық құжаттарына жалған мәліметтер енгізілгені анықталды. Салық декларацияларында қызметкерлердің нақты табысы, жалақы төлеу қоры мен ұйымның жылдық жиынтық кірісі әдейі төмендетіліп көрсетілген.
Қаржылық мониторинг агенттігі аталған азаматтың орналасқан жері туралы қандай да бір мәлімет білетіндерден мына байланыс нөміріне хабарласуды сұрайды.
Ақпаратты +7 (7172) 70-84-78 нөмірі арқылы Қаржылық мониторинг агенттігінің кезекші бөліміне жеткізуге болады.
Соңғы жаңалықтар