Астанада клиентін балағаттаған такси жүргізушісі жазаланды

Астанада клиентін балағаттаған такси жүргізушісі жазаланды
Фото: magnific.com

Астанада жолаушыға балағат сөздер айтқан такси жүргізушісі 5 тәулікке әкімшілік қамаққа алынды, деп хабарлайды Politico.kz.

Астана қалалық полиция департаментінің мәліметінше, тәртіп сақшылары әлеуметтік желілерді бақылау кезінде «Нұрлы жол» теміржол вокзалының автотұрағында түсірілген бейнежазбаны анықтаған.

Видеода такси жүргізушісі өзін телефонға түсіріп, жолаушының заттарын жүксалғышқа өзі салмағанына наразылық білдіреді. Осы кезде ол балағат сөздер айтып, қоғамдық тәртіпті бұзған.

Полицейлер жүргізушінің кім екенін анықтады. Ол Ақтөбе облысының тумасы, 35 жастағы Кенбай Серікбаев болып шықты.

Ер адам ұсақ бұзақылық жасағаны үшін әкімшілік жауапқа тартылды. Сот оны 5 тәулікке қамауға шешім шығарды.

Полиция қоғамдық орындарда тәртіп сақтап, өзгелерге құрметпен қарау керектігін ескертті.

Еске салайық, бұған дейін Астанада әзілкешке сахнада айтқан сөзі үшін айыппұл салынған болатын.

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу