Астанада жедел жәрдем станциясының директоры ұсталды
Елордадағы жедел жәрдем қызметінде ірі көлемдегі қаржы жымқыру анықталды, деп хабарлайды Politico.kz
Астана қаласының прокуратурасы мен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің департаменті елордалық жедел медициналық жәрдем станциясындағы ірі көлемдегі қаржы жымқыру схемасын әшкереледі. Мемлекетке келтірілген залал көлемі 850 миллион теңгені құраған.
Арнайы прокурорлардың басшылығымен ведомствоаралық жедел-тергеу тобы құрылып, 2020-2023 жылдар аралығындағы қаржылық қызметке тексеріс жүргізілді. Тергеу барысында лауазымды тұлғалардың бюджет қаражатын заңсыз иемденудің қылмыстық жолдарын ұйымдастырғаны анықталды.
Тергеу материалдарына сәйкес, күдіктілер санитарлық автокөліктердің бөлшектерін негізсіз есептен шығарып, қызмет көрсету бойынша жалған келісімшарттар жасасқан. Бұл әрекеттер қалалық жедел жәрдем қызметінің техникалық әлеуетіне айтарлықтай нұқсан келтірді. Қосалқы бөлшектердің ұрлануы салдарынан жұмыс істейтін көліктер қатары сиреп, техниканың басым бөлігі пайдаланудан шығарылған.
Қазіргі уақытта аталған қылмысқа қатысы бар деген күдікпен 4 қызметкер ұсталды. Олардың қатарында мекеме директоры және екі орта буын басшысы бар.
Күдіктілердің іс-әрекеті ҚР Қылмыстық кодексінің 189-бабының 4-бөлігі 2-тармағы (Аса ірі мөлшерде сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемденіп алу немесе талан-таражға салу) және осы баптың өзге де тармақтары бойынша сараланды.
Құзырлы органның мәліметінше, қабылданған шаралардың нәтижесінде «103» автопаркі толығымен қалпына келтірілді. Қылмыстық іс қарау үшін сотқа жолданды.
Соңғы жаңалықтар