Асылы Осман: Уағыз айтып жүргендердің өзі дінді терең білмейді
Филология ғылымының докторы, қоғам қайраткері Асылы Осман діни білімнің сапасы, имандылықтың негізгі мәні мен отбасылық тәрбиенің маңызы төңірегінде өз пікірін білдірді. Ғалымның айтуынша, кез келген білім мен діни түсінік ең алдымен ішкі тазалыққа, ниетке және ұлттық құндылықтарға сүйенуі тиіс, деп хабарлайды Politico.kz.
Бұл туралы Асылы Осман Айнұр Асанбердіге берген сұқбатында әңгімеледі.
Ғалым діни ағартушылықтағы біліктілік мәселесіне тоқталып, жүрек тазалығы мен ішкі мәдениеттің басымдығын атап өтті.
«Дінді насихаттап, уағыз айтып жүргендердің өзі дінді терең білмейді. Себебі кез келген нәрсені өзі жетік білген адам ғана өзгеге дұрыс жеткізе алады. Ал білімі шала адамның өзгеге айтқаны да шала болады. Дін деген — әркімнің өз жүрегінде болуы тиіс ұғым. Абай айтқандай, жүрек тазалығына ешнәрсе жетпейді. Ғылымды да, білім мен тілді де саралап қарасақ, бәрі айналып келгенде жүрекке тіреледі. Хадисте де: «Адамның бойында жұдырықтай ет бар, ол — жүрек. Егер ол таза болса, бүкіл дене таза болады» делінген. Сол сияқты, ішкі тазалыққа ешнәрсе жетпейді. Мемлекет басшысының «Таза Қазақстан» бастамасы да тек қоршаған ортаны емес, ең алдымен жан дүниемізді тазалауды меңзейді. Кез келген істі саналы түрде жасасақ, сонда ғана саналы қоғам қалыптасады. Білім адам бойына екі түрлі жолмен дариды: бірі — құлақпен естіп ұғу арқылы, екіншісі — жүректегі ниет пен ықылас арқылы. Абайдың жүректі бірінші орынға қоятыны да сондықтан. Жүрегіміз таза болып, әр нәрсені жүрекпен қабылдасақ, ақ ниетімізден айнымаймыз. Бабаларымыздың ақ пейілі мен ниетінің түзулігі үшін Құдай осы кең-байтақ жерді беріп, қаншама ұлтты сыйғызып отыр. Бүгінде де ниетіміз таза әрі адал болса, бәріне орын табылады», — деді Асылы Осман.
Сонымен бірге Асылы Осман қазіргі діни насихаттың деңгейін саралап, төл мәдениет пен отбасылық тәрбиенің рөліне назар аударды.
«Ал біздегі кейбір діндарларға келсек... Біреулер тойғаннан, біреулер тоңғаннан секіреді. Ал кейбіреулер білмегендіктен адасып жүр. Тек терең білімі бар адам ғана ақиқатты дұрыс жеткізе алады. Шын мәнінде, бізде дінді түсіндіру деңгейі әлі де тиісті дәрежеде емес. «Анау шетелде оқып келіпті, мынау басқа жақтан білім алыпты» дегенге сенбеймін. Адам ең алдымен өзі өскен топырақтың, өз елінің дінін, әдет-ғұрпы мен салтын білуі керек. Сол құндылықтар арқылы бағыт беруі тиіс. Шын мәнінде, дін — әркімнің өз жүрегінде. Биыл бір жерде, ертең өзге жерде бір-екі ай оқығаннан қандай терең діни білім алуға болады? Имандылық пен шынайы дін — ең алдымен отбасында берілген дұрыс тәрбиеден басталады», — деді тіл жанашыры.
Соңғы жаңалықтар