Атырау облысында атыс болды: үш адам ауруханада жатыр

Атырау облысында атыс болды: үш адам ауруханада жатыр
29.05.2025 09:16
0
98
Фото: astanatv.kz

Атырау облысында атыс болып, Қызылқоға ауданы Сағыз ауылының үш тұрғыны ауыр жағдайда ауруханаға түсті, деп хабарлайды POLITICO.KZ "Астана" арнасына сілтеме жасап.

Полиция оқ атқан күдіктіні әлі тапқан жоқ. Дереккөздерге сүйенсек, оқиға Сағыз ауылымен шекаралас Ақтөбе облысының Байғанин ауданы аумағында, далалықта болған. Subaru Outback маркалы автокөлігінің ішінде отырғандарға белгісіз адам оқ атқан. Салдарынан 40, 41 жастағы үш тұрғын маңдай, кеуде тұстары, мойын, иық бөлігі жарақатын алған. Ауылда хирург дәрігер болмауына байланысты дереу аудандық ауруханаға жеткізілді. Кейін жағдайы ауыр бір азаматты санавиация желісімен облыс орталығына әкелген.

"Науқастың қазіргі жағдайы ауыр, тұрақты. Осы жерде толықтай емін қабылдап жатыр. Алынбайды ол оқ. Бірінші жансақтау бөлімінде жағдайын тұарқтандырды. Сосын таңертең бөлімшеге аударды. Сағат тоғыз жарымда. Біреуі бұған дейін де атылған адам. Оқтары әлі жатыр", - дейді облыстық аурухана директорының хирургия жөніндегі орынбасары Дәурен Шанаев.

Қалған екі науқасты да бүгін күндіз облыстық ауруханаға ауыстырды. Олардың денесіне бытыра кіріп кеткен. Белгілі болғандай, осыдан үш жыл бұрын осы үш жігітті атып кетіп, денсаулықтары енді қалпына келген екен. Туыстары қақтығыстың себебін білмей дал. Полиция да ашып ештеңе айтпай отыр. Әзірге күдіктілер іздестіріліп жатқанын хабарлады.

"Тамақ ішіп алды да, үн-түнсіз шығып кетті. Маған ештеңе айтпай кетіп тұр ғой. Үш жыл бұрын дәл осындай жағдай, дәл сол адамдар. Ешқандай себебін де білмеймін. Білмей тұрмыз ғой. Әйелдеріне ешкім ештеңе айтпайды. Ол әлі тілге келетіндей жағдайда емес. Мен қазір Сағыздамын. Ол кісіні Атырауға алып кетті", - дейді Сағыз ауылының тұрғыны.

"Аталған фактіге қатысты қазіргі таңда қылмыстық іс қозғалды. Тергеу барысында оқиғаның барлық мән-жайы анықталатын болады. Қазіргі уақытта қақтығысқа қатысушыларды анықтау және ұстау үшін кешенді іс-шаралар жүргізілуде", - дейді облыстық полиция департаментінің баспасөз хатшысы Мейірім Ердәулет.

Пікірлер (0)
Здесь пока ничего нет
Пікір қалдырыңыз
Войдите, чтобы оставить комментарий