Атырауда арнайы жасақ басшылары қызметкерлерін ұрып-соққан видео тарады
Атырау облыстық полиция департаментінде арнайы жасақ командирлері өз қарамағындағы қызметкерлерді боқтап, қол көтерген бейне желіде тарап кетті, деп хабарлайды Politico.kz порталы «Ақ Жайыққа» сілтеме жасап.
Әлеуметтік желілерде тараған бейнежазбада полиция басшыларының қол астындағыларды боқтық сөздермен балағаттап, күш қолданғаны көрінеді. Оқиға қызметтік бөлмеде болған, онда арнайы жедел қимылдау жасағының 2 қызметкерін тілдеп, біреуінің бетінен қолмен және белгісіз затпен ұрады. Сол кезде бөлмедегілердің бірі сырттан адам кіріп кетпеуі үшін есіктің тұтқасын ұстап тұрған.
Видеомен бірге Ішкі істер министрінің атына жазылған шағым хат жарияланды, онда оқиғаға қатысы бар басты тұлғалар ретінде Атырау облысы полиция департаментінің Жедел әрекет ету арнайы жасағы (ЖӘЕАЖ) командирі Еркебұлан Сапанов пен рота командирлері Ерік Қарабаев және Нұрбақыт Басаровтың аты-жөндері көрсетілген.
Атырау облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі бұл жағдайды растап, қазіргі уақытта тиісті шаралар қабылданып жатқанын жеткізді.
«ЖӘЕАЖ қызметкері тарапынан қызметтік тәртіпті бұзу дерегі расталды. Қызметкер тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Сонымен қатар бөлімше басшылығының әдепсіз әрекеттеріне байланысты қызметтік тексеріс басталды. Оның қорытындысы бойынша тиісті баға беріледі», – деп хабарлады ведомство.
Бұл жергілікті арнайы жасақ құрамындағы алғашқы дау емес. Осыдан 2 жыл бұрын қызметкерлер басшылықтың жүйелі түрде ақша жинап, әділетсіздік жасайтынына жасырын шағымданған болатын. Ол кезде арнайы тексеру жүргізіліп, шағымдағы уәждер расталмағаны және жиналған қаражат тек материалдық көмек көрсету үшін қорға жиналғаны айтылған еді.
Соңғы жаңалықтар