Атырауда күйеуі мұғалім әйелін 12 жастағы қызының көзінше өлтірген

02.07.2026 12:22 Әсел МҰРАТ
Атырауда күйеуі мұғалім әйелін 12 жастағы қызының көзінше өлтірген
240
Фото: Pixabay

Атырауда мұғалімді өлтірген күйеуі 15 жылға сотталды, деп хабарлайды Politico.kz.

«Ақжайық» басылымының жазуынша, марқұм ұстаз қайғылы оқиғаға дейін көршісіне күйеуінен қауіптенетінін айтып, «бір күні оның қолынан қаза табуым мүмкін» деп алаңдайтынын жеткізген. Тіпті бір жағдай бола қалса деп, пәтерінің кілтін де көршісіне қалдырып кеткен. Өкінішке қарай, бұл күдігі шындыққа айналып, отбасылық қайғы 12 жастағы қызының көз алдында болған.

Атырау қаласының соты 58 жастағы бастауыш сынып мұғалімі, Ж. Қаражігітов атындағы мектеп-лицейдің ұстазын өлтірді деп айыпталған 63 жастағы ер адамға үкім шығарды.

Сот материалдарына сәйкес, ерлі-зайыптылардың арасында ұзақ жылдар бойы қызғаныштан туындаған жанжалдар жиі болған. Ер адам әйелін үнемі опасыздық жасады деп күдіктеніп, оның жүріс-тұрысын қатаң бақылаған. Ол пәтерге бейнебақылау камерасын орнатып, әйелінің жүрген жерін мобильді қосымша арқылы қадағалап отырған.

Қайғылы оқиға болған түні олардың арасында тағы да жанжал шыққан. Осыдан кейін әйел 12 жастағы қызымен бірге ұйықтауға жатқан. Түнгі сағат екі шамасында күйеуі асүйден пышақ алып, бөлмеге кіріп, ұйықтап жатқан жұбайына бірнеше рет пышақ сұққан.

Анасының жанайқайынан оянған қыз әкесінен тоқтатуын жалынып сұраған. Алайда ол шабуылын жалғастырған. Әйелдің денесіне 11 жерден пышақ жарақаты салынып, ол оқиға орнында көз жұмды.

Сотта қызы қылмыстан кейін әкесінің: «Бәрі бітті, жылама», дегенін айтты. Кейін ер адам қолы мен пышақтағы қанды жуып, киімін ауыстырып, жуынған. Тек қызының өтінішінен кейін ғана полиция мен жедел жәрдем шақырған. Ол кезде әйелдің өмірін аман алып қалу мүмкін болмаған.

Сот отырысында марқұмның көршісі мұғалімнің өзіне бірнеше рет күйеуінің қоқан-лоққы көрсететінін айтқанын жеткізді. Оның сөзінше, қайғылы оқиғаға аз уақыт қалғанда әйел пәтерінің кілтін тапсырып, «бір күні түнде күйеуім мені пышақтап өлтіруі мүмкін» деп қорқатынын мойындаған.

Сотталушы кінәсін толық мойындағанымен, қылмыс жасаған сәтте аффект күйінде болғанын және пышақты қалай алғанын есіне түсіре алмайтынын мәлімдеді. Алайда сот-психологиялық және сот-психиатриялық сараптама бұл уәжді растамады. Сарапшылар ер адамның өз әрекеттерінің сипаты мен салдарын толық түсінгенін, іс-әрекетін саналы түрде басқарғанын және физиологиялық аффект күйінде болмағанын анықтады.

Сот ер адамды кәмелетке толмаған қызының көз алдында аса қатыгездікпен адам өлтіргені үшін кінәлі деп танып, оны 15 жыл мерзімге бас бостандығынан айырды.

Сонымен қатар сот марқұмның әпкесінің азаматтық талабын толық қанағаттандырып, сотталған азаматтан моральдық зиянды өтеу үшін 5 миллион теңге өндіріп беру туралы шешім шығарды.

Қайғылы оқиғадан кейін ерлі-зайыптылардың 12 жастағы қызы қорғаншылық және қамқоршылық органдарының қарауына берілді. Ал кісі өлімі болған пәтер түпкілікті шешім қабылданғанға дейін Атырау қаласы әкімдігінің жауапты сақтауына өткізілді.

Войдите, чтобы оставить комментарий