Атырауда маскүнем жедел жәрдем көлігінде жанжал шығарды (ВИДЕО)

Оқиға 2 қазан күні кешке қаланың Балықшы ықшам ауданындағы аялдамалардың бірінде болған. Toyota Highlander көлігінің ішінде полиция формасына ұқсас киімдегі екі адамның ұйықтап жатқанын жолаушылар байқап қалған. Оларды ес-түссіз жатыр деп ойлаған куәгерлер дереу жедел жәрдем шақырған. Алайда оқиға орнына жеткен дәрігерлер олардың қатты мас екенін анықтады.
Жедел жәрдем көлігіне мінгізу кезінде ер адамдардың бірі агрессия танытып, фельдшерге және оқиғаны видеоға түсіріп тұрған блогерге тап берген.
Тексеріс барысында 29 жастағы жүргізушінің көлік жүргізу құқығынан айырылғанына қарамастан, рөлге мас күйінде отырғаны белгілі болды. Сонымен қатар, оның полиция қызметкері емес екені және құқық қорғау органдарының формасын заңсыз киіп алғаны анықталды.
Қазір тәртіп бұзушыға қатысты Қылмыстық кодекстің 346-бабы, яғни көлік құралын басқару құқығынан айырылған адамның көлікті басқаруы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Сондай-ақ, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 675-бабына сәйкес арнайы киімді заңсыз киіп жүргені үшін хаттама толтырылды. Жиналған іс материалдары енді сотқа жолданады.
Соңғы жаңалықтар





