“Өзімді Ресейдегі өзбек мигранттай сезіндім”: Қазақстанға келген ресейлік қыздың басы дауға қалды

14.05.2026 19:42 Қарақат АСЫЛОВА
“Өзімді Ресейдегі өзбек мигранттай сезіндім”: Қазақстанға келген ресейлік қыздың басы дауға қалды
375
Видеодан кадр
Алматыға келген ресейлік қыздың видеосы желіні шулатты

Қазақстанға банк картасын рәсімдеуге келген Ресей азаматшасының видеосы әлеуметтік желіде қызу талқыға түсті, деп хабарлайды Politico.kz сайты Ulysmedia.kz-ке сілтемемен.

Алматыда құжат рәсімдеу барысына көңілі толмаған бойжеткен балағат сөздер айтып, өз жағдайын Ресейдегі мигранттармен салыстырған.

Видео авторының айтуынша, оған ИИН алу, бейрезидент мәртебесін растау және банк қызметін пайдалану кезінде түрлі кедергілер кездескен. Ол өзін «бір мекемеден екіншісіне жүгіртіп жүргенін» айтып шағымданған. Желі қолданушыларының ең үлкен наразылығын оның өзбек мигранттарымен салыстырған сөзі тудырды.

"Екінші күн қатарынан шетелдік банк картасын алу үшін құжатпен жүгіріп жүрмін. Білесіздер ме, өзімді Ресейдегі өзбек мигранты сияқты сезініп кеттім. Мені бір жерден екінші жерге жібереді. “Ана жерге барыңыз”, “мына жерге барыңыз”, “сізге болмайды”, “сіз резидент емессіз” деп қайта-қайта сандалтып қойды. Футбол добындай ары-бері тепкілеп жүргендей болды", — деді ресейлік бойжеткен видеода.

Оқиғаға қоғам белсендісі Танирберген Бердонгаров та пікір білдірді. Ол Қазақстан заңнамасында қоғамдық орында балағат сөз айту жауапкершілікке әкелетінін еске салып, құқық қорғау органдары бұл мәселеге назар аударуы тиіс екенін айтты.

Ал ресейлік тележүргізуші Ксения Собчак өзінің Telegram-арнасында қазақстандық заңдар мен тәртіпке құрметпен қарау керегін жазды. Оның сөзінше, басқа елге барған адам арнайы жеңілдік күтпеуі тиіс.

Қазақстан заңына сәйкес, әлеуметтік желідегі бейәдеп сөздер де ұсақ бұзақылық ретінде қарастырылуы мүмкін. Мұндай жағдайда 20 АЕК көлемінде айыппұл немесе 15 тәулікке дейін әкімшілік қамау жазасы қарастырылған. Қазірше полиция тарапынан ресми мәлімдеме жасалған жоқ.

Войдите, чтобы оставить комментарий