Атыраудағы трагедия: Сәрсемәлиев сотқа жеткізілді

18.05.2026 10:50 Әсел Мұрат
Атыраудағы трагедия: Сәрсемәлиев сотқа жеткізілді
220

Атырауда бүгін Жангелдин ауылындағы отбасының өліміне қатысты резонанс тудырған іс бойынша алғашқы сот отырысы өтеді, деп хабарлайды Politico.kz.

Әйелінің әке-шешесі мен бауырларын өлтірді деген күдікке ілінген Сұлтан Сәрсемалиевке сот ғимаратына жеткізілді

Қылмыстық істі судья Зарема Хамидуллина қарайды.

Оған Қылмыстық кодекстің 99-бабы 2-бөлігі 1-тармағы (екі және одан көп адамды өлтіру), сондай-ақ 188 және 190-баптары (мал сату және банк карталарын жымқыру) бойынша айып тағылған.

Сараптама Сәрсемәлиевті есі дұрыс деп таныды. Енді оған өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалуы мүмкін.

Бұдан бұрын Сәрсемәлиев кінәсін толық мойындаған. 
Еске салайық, Жангелдин ауылындағы отбасы 2025 жылдың соңында белгісіз жағдайда жоғалып кеткен. 2026 жылдың 6 қаңтарында шаруашылық құрылыстан отбасы мүшелері – отағасы Максот Қарабалин мен оның жұбайы Насип Өтешқалиеваның мәйіттері табылды. Кейін олардың денелерінде пышақ жарақаттары болғаны анықталды.

Сот-медициналық сараптама мен тергеу нәтижесінде Наурыз Мұқанғалиевтің 2025 жылдың мамыр айында қайтыс болғаны белгілі болды. Ал қалған үшеуі – отағасы, оның жұбайы және қызы – қараша айында көз жұмған. 9 қаңтарда ресми түрде отбасы мүшелерін өлтірді деген күдікпен олардың күйеу баласы Сұлтан Сәрсемалиевке іздеу жарияланды. Қыздарының бірі де күдікті деп танылған еді. 24 ақпанда Сәрсемалиев пен Мұқанғалиева Индонезияның Ломбок аралындағы Сенару ауылында ұсталды. Наурыз айында олар Атырауға жеткізілді. Кейін полиция қызметкерлері күдікті Сұлтан Сәрсемалиевті қылмыс болған үйге апарып, ол тергеушілерге қылмысты қалай жасағанын көрсетіп, сұрақтарға жауап берген.

Тергеу нұсқасына сәйкес, күйеу бала қайын атасы, қайын енесі және олардың балаларын өлтіргеннен кейін отбасының малын сатып, банк карталарындағы ақшаны шешіп алған. Кейін сол қаражатпен шетелге қашуға әрекеттенген.
Қаза тапқан отбасы мүшелерінің қызы әрі қарындасы, Сұлтан Сәрсемалиевтің жұбайы Ақбаян Мұқанғалиева олардың өліміне қатысы жоқ. 
Атырау облысы прокурорының көмекшісі Жандар Болатбектің айтуынша, Ақбаян Мұқанғалиеваның әрекеттерінен кісі өлтіруге қатысты құқық бұзушылық белгілері анықталмаған.

"Ол кісі өлтіру фактісіне қатысы болмағандықтан, оған қатысты қылмыстық қудалау тоқтатылды. Алайда қылмыс туралы хабарламау дерегі бойынша бөлек іс тіркелді. Бірақ бұл бойынша әлі құқықтық баға берілген жоқ. Ақбаян Мұқанғалиева іс бойынша күдікті ретінде танылмайды және оған қатысты бұлтартпау шарасы қолданылған жоқ", – деді Жандар Болатбек.

Прокурордың айтуынша, оның психикалық жағдайына байланысты Алматыда психиатриялық сараптама жүргізілген. Алайда сараптама қорытындысы прокуратураға әлі түспеген.

Войдите, чтобы оставить комментарий