Атыраулық ана шекарада қаза тапқан 4 жасар ұлы үшін әділдік сұрайды
Атырау тұрғыны Ресеймен шекарада қаза тапқан 4 жасар ұлының өліміне қатысты әділ тергеу жүргізуді талап етуде, деп хабарлайды Politico.kz.
Қайғыдан қан жұтқан ана Севиндж Мамедова әлеуметтік желіде жазба жариялап, төрт жасар Асланның қалай көз жұмғанын баяндады.
Оның айтуынша, қайғылы оқиға 22 мамыр күні Атырау облысымен шектесетін Ресейдің Қараөзек өткізу бекетінде болған. Сол күні отбасы Асланды Астрахань қаласындағы ата-әжесіне апару үшін шекарадан өткен.
Анасының сөзінше, олар туыстарымен кездесіп, заттарын беріп жатқан кезде бала көзден таса болған. Алғашында оны іздеп таппаған отбасы баланы біреу алып кеткен шығар деп күдіктенген.
Іздеу барысында әйел әскери киімдегі ер адамның көмегімен аумақты қарап шыққан. Сол кезде көлік дөңгелегімен ғана жабылған бірнеше ашық люкті байқап, бірінің ішіне телефон шамын түсірген. Сол сәтте ол ұлының киімін, кейін баланың өзін көрген.
Отбасы баланы резервуардан өз күштерімен шығарып, жедел жәрдем келгенше алғашқы көмек көрсетуге тырысқан. Кейін олар Қазақстан жағынан келе жатқан жедел жәрдем көлігіне қарай жолға шыққан. Дегенмен дәрігерлер төрт жасар Асланды аман алып қала алмады.
Анасының айтуынша, тергеу кезінде бұл аумақта бұрын жанармай құю бекеті болғаны, ал суға толы резервуар өрт қауіпсіздігі мақсатында пайдаланылғаны белгілі болған. Нысан жабылғаннан кейін қауіпті резервуар сол күйі қараусыз қалған.
Оқиғадан бір ай өткен соң отбасы қайғылы жағдай болған жерге қайта барған. Бұл кезде резервуардың айналасы қоршалып, ескерту белгілері мен қорғаныс ленталары орнатылған, ал нысанның өзі тақтайлармен жабылған.
Севиндж Мамедова ұлының өліміне қатысты толық әрі әділ тергеу жүргізуді талап етіп отыр. Ол қауіпті нысанның кімге тиесілі болғанын, оған кім жауапты екенін және қауіпсіздік шараларының неге тек қайғылы оқиғадан кейін қабылданғанын анықтауды сұрады.
«Кішкентай Асланның рухы үшін әділ тергеу жүргізілуіне көмектесіңіздер», – деді ол.
Соңғы жаңалықтар