Атышулы банкир Жомарт Ертаев қайтадан қамауға алынды

Бұрынғы банкир Жомарт Ертаев қайтадан бас бостандығынан айырылды. Сот оның бұрын рақымшылықпен босатылуы туралы шешімнің күшін жойды.
Бұл жаңалықты белгілі депутат әрі адвокат Абзал Құспан өзінің Facebook парақшасында хабарлады.
«Ертаевқа қатысты сот қаулысы бүгін бұзылды. Өтінішімді қолдап, әділ шешімге ықпал еткен ҚР Бас прокуратурасы Алматы облысының прокуроры мен сотына, сондай-ақ мәселені алғаш көтерген журналистер қауымына алғыс айтамын!» – деп жазды Абзал Құспан.
Еске сала кетейік, Жомарт Ертаев Bank RBK-тен 2011-2017 жылдар аралығында 144 миллиард теңге жымқырды деген айыппен 2020 жылы 11 жылға сотталған болатын. Кейінірек, 2021 жылы апелляциялық сот бұл мерзімді 9 жылға дейін қысқартты. Осы жылдың 3 қыркүйегінде ол рақымшылықпен бостандыққа шыққан еді.
Бұл шешіммен келіспеген депутат Абзал Құспан Бас прокуратураға наразылық білдіру жөнінде талап арыз жазған. Бүгін сол талап орындалып, прокуратураның наразылығы негізінде сот Жомарт Ертаевты қайтадан қамауға алу туралы шешім шығарды.
Соңғы жаңалықтар





