"Аяғынан көтеріп ұстап тұрған": ҚазҰУ-да көз жұмған 1-курс студентінің туыстары жантүршігерлік жайтты баяндады
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің жатақханасында көз жұмған 1-курс студенті Дауыл Бәкіртайдың өліміне қатысты тың деректер белгілі болды. Марқұмның жақындары бастапқыда университет басшылығы мен полицейлер шындықты жасырып, «жүрегі ұстап қалды» немесе «ангинадан қайтыс болды» деп жалған ақпарат бергенін айтады, деп хабарлайды Politico.kz ZTB-ға сілтеме жасап.
Қайғылы оқиға 16 қараша түнгі сағат 12-лер шамасында болған. Марқұмның бөле әпкесі Ұлдана Егізбайдың сөзінше, туыстары түнгі сағат төртте қаралы хабарды естіген соң мән-жайды анықтауға тырысқан. Алайда декан мен өзге де жауапты тұлғалар жатақханада ешқандай төбелес болмағанын, студенттің концертке дайындық кезінде өздігінен құлап қалғанын айтқан. Тіпті ата-анасына баласының ангинадан көз жұмғанын жеткізген.
Шындықты марқұмның ата-анасы Шымкенттен таңертең ұшып келіп, аудандық полиция бөліміне барғанда ғана білген. Тергеу барысында екінші жәбірленуші студент сол түні не болғанын жайып салған. Оның айтуынша, екінші курстың сегіз студенті бірінші курстың екі студентін бөлмелеріне шақырып алып ұрған. Алдымен Дауылды шокермен ұрып құлатып, кейін соққыға жыққан. Содан соң қасындағы балаға бір сағат бойы басын салбыратып, аяғынан көтеріп ұстап тұруға мәжбүрлеген. Ақырында Дауыл қайтыс болып кеткен, бірақ балалар оны бірден білмеген.
Туыстарының айтуынша, екі рет жедел жәрдем шақырылғанымен, дәрігерлер жігітті аман алып қала алмаған. Сондай-ақ мәйітхана мамандары Дауылдың жүрек тұсына бірнеше соққы тигенін растап, жақындарына тиісті медициналық құжаттарды берген.
Марқұмның әпкесі қайғылы оқиғадан екі күн бұрын ғана інісімен кездескенін, сол кезде Дауылдың оқу орнындағы әлімжеттік («дедовщина») туралы айтқанын еске алды. Марқұмның сөзінше, жатақханада бірінші курс студенттері екінші курстың қыздарын көргенде амандасып, алыстан айналып өтуі керек болған, ал жігіттерімен екі қолдап амандасып, жұмсаған жеріне баруға міндеттелген. Дегенмен туыстары мән-жайды тәптіштеп сұрай бастағанда, ол «қатты емес ондай» деп ары қарай ештеңе айтпай қойған.
Қазіргі уақытта Бостандық аудандық полиция басқармасы аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғап, күдіктіні ұстады. Алматы қалалық полиция департаменті істің толық әрі объективті тергеліп жатқанын мәлімдеді. Ал марқұмның жақындары жауапты тұлғалардың бастапқыда «ешқандай төбелес болмады» деп жалтарғанына және өздеріне бірден шындықты айтпағанына қынжылыс білдіріп отыр.
Соңғы жаңалықтар