Бектенов шетелдік тауар сатып алатын шенеуніктерге ескерту жасады
Премьер-министр Олжас Бектенов бюджет қаржысына шетелдік тауар сатып алатын мемлекеттік органдарға ескерту жасады. Оның айтуынша, Қазақстанда өндірілетін өнімнің орнына импорттық тауар алу ел мүддесіне қайшы келеді, деп хабарлайды Politico.kz.
Үкімет отырысында Олжас Бектенов мемлекеттік сатып алу кезінде отандық компаниялар мен қазақстандық өнімдерге басымдық берілуі керектігін айтты.
Премьер-министр бұл талапты қарапайым мысалмен түсіндірді.
«Жалпы қарапайым сөзбен айтатын болсақ, біз бюджеттен қаражат бөлсек, оны игеретін компания қазақстандық болуы керек, ол ақшаға сатып алынатын материалдар, тауарлар қазақстандық болуы керек. Болды. Оп-оңай қағидат. Оны бәріміз ұстануымыз керек», – деді Үкімет басшысы.
Ол Қазақстанда баламасы бар тауарды шетелден сатып алуға жол бермеу қажеттігін ерекше атап өтті.
«Ал егер Қазақстанда қандай да бір тауар өндірілетін болса, біз oны сатып алмай, импорттап алып келетін болсақ, ол мемлекет мүддесіне қайшы келетін әрекет. Оны үзілді-кесілді айту керек. Үкімет мүшелеріне және өңір басшыларына айтатыным, ескеріңіздер», – деді Олжас Бектенов.
Айта кетейік, бұған дейін үш қаладағы жылу мәселесі Бектеновтің назарын аударған болатын.
Соңғы жаңалықтар