Президент кеңесшісінің ұлы студенттің өлімінен кейін қызметінен босатылды

Президент кеңесшісінің ұлы студенттің өлімінен кейін қызметінен босатылды
Фото: ҚазҰУ

Алматыдағы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде студент қаза тапқаннан кейін әлеуметтік тұрақты даму жөніндегі проректор Бақытжан Омаров қызметінен босатылды. Ол – Президенттің кеңесшісі Бауыржан Омаровтың ұлы, деп хабарлайды Politico.kz.

Соңғы 10 күнде ҚазҰУ-дың бірінші курсында оқитын екі студент қайтыс болды. Екі оқиға да университет жатақханасында болған.

Алғашқы қайғылы жағдай 6 қараша күні кешке тіркелді. Шымкенттен Алматыға оқуға келген журналистика факультетінің бірінші курс студенті қайтыс болды.

Бұл оқиға бойынша полиция қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады. Алайда студенттің өліміне қатысты нақты мән-жайлар ресми түрде жарияланған жоқ.

Арада 10 күн өткенде, 16 қарашада, осы университеттің география және табиғатты пайдалану факультетінде оқитын бірінші курс студентінің қаза тапқаны белгілі болды.

Бұл жолы полиция қылмыстық іс қозғап қана қоймай, күдіктінің ұсталғанын да хабарлады.

БАҚ-та екінші курс студенттері бірінші курс студенттерін сөйлесуге шақырып, олардан ақша талап еткені туралы ақпарат тарады. Жазбаларда осыдан кейін студенттер арасында жанжал шығып, бірінші курс студенті соққы алғаны айтылады. Алайда бұл мәліметтерді құқық қорғау органдары әзірге ресми түрде растаған жоқ.

Университетте кімдер қызметінен босатылды?

Екінші студенттің қазасынан кейін ҚазҰУ басшылығы ресми мәлімдеме жасап, жатақханадағы қауіпсіздік пен тәртіпті қамтамасыз етуде кемшіліктер жіберілгенін хабарлады.

«Тәрбие жұмысын ақсатқаны, жатақханадағы қауіпсіздік пен тәртіпті тиісті деңгейде қамтамасыз ете алмағаны үшін Басқарма мүшесі – әлеуметтік тұрақты даму жөніндегі проректор, география және табиғатты пайдалану факультетінің деканы лауазымдарынан босатылды», – делінген университет хабарламасында.

Университеттің ресми сайтындағы мәліметке қарағанда, әлеуметтік тұрақты даму жөніндегі проректор қызметін Бақытжан Бауыржанұлы Омаров, ал география және табиғатты пайдалану факультетінің деканы қызметін Әлия Сағындыққызы Ақтымбаева атқарған. Бақытжан Омаров – Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Бауыржан Жұмаханұлы Омаровтың ұлы.

Бұдан бөлек, оқиға болған күні жатақханада кезекшілікте тұрған жауапты қызметкерлер де жұмыстан шеттетілген.

«Жатақханада сол күні кезекшілікте болған жауапты қызметкерлер жұмыстан шеттетіліп, әрекеттеріне құқықтық баға берілуде», – деп хабарлады ҚазҰУ.

Университет барлық жатақханада кешкі бақылау күшейтілгенін және студенттердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қосымша шаралар қабылданғанын мәлімдеді. Сондай-ақ білім алушыларға кәсіби психологиялық көмек көрсету жұмыстары күшейтілген.

Оқу орны құқық қорғау органдары жүргізіп жатқан тергеуге толық көмектесетінін жеткізді.

Әзірге қызметінен босатылған проректор мен деканның орнына кімдер тағайындалатыны хабарланған жоқ.

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу