«Көркемдік тәсіл»: Петропавл әкімдігі үш қолды адамдар бейнеленген баннерді түсіндірді

«Көркемдік тәсіл»: Петропавл әкімдігі үш қолды адамдар бейнеленген баннерді түсіндірді
Фото: threads.com/@dario_1312

Петропавлда отбасындағы зорлық-зомбылыққа қарсы орнатылған баннер әлеуметтік желіде қызу талқыланды. Жұртшылық суреттегі ата-ананың неге үш қолы бар екеніне таңғалған. Қала әкімдігі мұның қате емес екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Politico.kz.

Threads әлеуметтік желісінде қала тұрғыны ерекше баннердің суретін жариялады.

Суретте әкесі, анасы және олардың ортасында тұрған кішкентай қыз бейнеленген. Ата-анасы қыздың қолынан ұстап, бастарының үстіне шатыр тәрізді қорған жасап тұр. Алайда ересектердің әрқайсысында үш қол бар сияқты көрінеді.

«Бұл ғажайып баннер Ульянов көшесіндегі 59 және 61-үйлердің арасында орналасқан. Қағаз жүзінде дизайнер болған шығар деп ойлаймын. Бірақ нағыз дизайнер мұндай қатені байқамай қалмас еді», – деп жазды желі қолданушысы.

Жазба әлеуметтік желіде күлкі тудырып, тұрғындардың сұрағын көбейтті.

Осыған байланысты тілшіміз Петропавл қаласының әкімдігіне шығып, баннердің неліктен бұлай жасалғанын сұрады.

«Бұл баннер тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына қолдау көрсету орталығының жанында орналасқан. Орталық биыл қыркүйекте ашылды. Мұнда қиын жағдайға тап болған әйелдерге психологиялық көмек көрсетіліп, қолдау жасалады. Баннердегі сурет қате емес, автордың көркемдік тәсілі. Дизайнер осылайша отбасындағы қорғаныш пен оның бірнеше міндетті қатар атқара алатынын көрсеткісі келген. Алайда автордың көркемдік ойы жұртшылық арасында әртүрлі қабылданғандықтан, баннерді алып тастап, орнына басқасын орнату туралы шешім қабылданды», – деп түсіндірді Петропавл әкімдігі.

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу