ҚазҰУ-да тағы бір студенттің өлімінен кейін екі басшы қызметінен босатылды
Алматыдағы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде тағы бір студент қайтыс болғаннан кейін екі басшы қызметінен босатылды. Университет басшылығы жатақханадағы қауіпсіздік пен тәртіпті қамтамасыз етуде кемшіліктер болғанын мойындады, деп хабарлайды Politico.kz.
ҚазҰУ-дың баспасөз қызметі география және табиғатты пайдалану факультетінің бірінші курс студентінің қазасына байланысты ресми мәлімдеме жасады.
«Болған оқиға – университет қауымы үшін орны толмас ауыр қайғы. Студентіміздің қазасы қабырғамызды қайыстырды.
Орын алған қайғылы жағдайға байланысты университет басшылығы тарапынан шұғыл шаралар қабылданды: Тәрбие жұмысын ақсатқаны, жатақханадағы қауіпсіздік пен тәртіпті тиісті деңгейде қамтамасыз ете алмағаны үшін Басқарма мүшесі – әлеуметтік тұрақты даму жөніндегі проректор, география және табиғатты пайдалану факультетінің деканы лауазымдарынан босатылды.
Жатақханада сол күні кезекшілікте болған жауапты қызметкерлер жұмыстан шеттетіліп, әрекеттеріне құқықтық баға берілуде.
Қазаның отбасы үшін қаншалықты ауыр екенін терең сезініп, ата-ана мен жақындарының қайғысына ортақтасамыз. Университет отбасымен байланыста және қажетті қолдау көрсетуге әрдайым дайын.
Қазіргі таңда барлық жатақханаларда кешкі бақылау күшейтіліп, студенттердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету және кәсіби психологиялық көмек көрсету бойынша қосымша шаралар енгізілді.
Университет бұл оқиғаға қатысты ешқандай деректі жасырмайды, құқық қорғау органдары жүргізіп жатқан тергеуге толық көмек көрсетуде және істің әділ, ашық өтуіне тікелей мүдделі.
ҚР ҚПК 201-бабының талаптарына сәйкес, тергеу құпиясына байланысты өзге ақпаратты жариялай алмағанымызбен, қоғам мен марқұмның жақындары үшін барлық жаңалықтар туралы шынайы түрде хабарлап отырамыз», – делінген мәлімдемеде.
Еске салайық, 16 қарашада ҚазҰУ-дың география және табиғатты пайдалану факультетінің бірінші курс студентінің қайтыс болғаны белгілі болды. Бұл дерек бойынша Алматының Бостандық аудандық полиция басқармасы қылмыстық іс қозғады. Күдікті ұсталды.
Бұған дейін, 6 қараша күні кешке, осы университеттің студенттер қалашығында журналистика факультетінің бірінші курсында оқитын қыз қайтыс болған еді.
Соңғы жаңалықтар