“Аяусыз соққыға жықты”: Астанада қаза тапқан 18 жастағы жігіттің ісінде жаңа деректер шықты
Астанадағы BHB түнгі клубының маңында 18 жастағы Әди Чүкеевтің өліміне қатысты сот процесі жалғасып жатыр, деп хабарлайды Politico.kz сайты Newtimes.kz-ке сілтемемен.
Сот отырысында марқұмның ата-анасы мен қайғылы оқиғаның куәгерлері жауап берді. Марқұмның анасы Толқын Чүкееваның айтуынша, қайғылы жағдай болар алдында ұлы онымен бейнеқоңырау арқылы сөйлесіп, үйге қайтатынын айтқан. Сол кезде Әди досы Әлеммен бірге болған. Алайда түн ортасында отбасы оның қаза тапқаны туралы суыт хабар естіген.
Ата-анасының сөзінше, Әди сабырлы, тәрбиелі әрі спортпен айналысқан жас болған. Ол намаз оқып, ораза ұстаған, университетте жақсы оқып, ағылшын тілін жетік меңгерген. Отбасы ұлдарының түнгі клубқа қалай барғанын әлі күнге дейін түсіне алмай отырғандарын айтты.
Сотта Әдидің досының танысы Алина Ғалбиятова да куәлік берді. Оның айтуынша, клубтан шыққаннан кейін екі жігіт Әди мен оның досына жақындап, әңгіме бір сәтте төбелеске ұласқан. Куәгер жігіттердің Әдиді аяусыз соққыға жыққанын, ал араша түспек болған Әлемнің де соққы алғанын жеткізді.
«Мен көмек сұрап айқайладым, оларды тоқтатуға тырыстым. Кейін Әди басының қатты ауырғанын айтып, есінен танып қалды», — деді куәгер.
Оқиға орнында жедел жәрдем шақырылып, куәгерлер Әдиге алғашқы көмек көрсетуге тырысқан. Алайда ол жедел жәрдем көлігінде көз жұмған. Дәрігерлер өлім себебі миға қан құйылу болғанын айтқан.
Іс бойынша айыпталушылар — бұрынғы құқық қорғау органының қызметкері Абдираш Медет пен Адильхан Аяпберген. Медет кінәсін жартылай мойындаса, екінші айыпталушы тағылған айыппен келіспейді. Екеуіне де «денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіріп, абайсызда адам өліміне әкеп соғу» бабы бойынша айып тағылған.
Марқұмның туыстары бұған дейін тергеу барысында кейбір айғақтардың жоғалып кеткенін және бейнекамера жазбаларының сапасы төмен болғанын айтып, істің әділ қаралуына алаңдаушылық білдірген еді. Тергеу осы жылдың наурыз айында аяқталған.
Соңғы жаңалықтар