"Әйел аузына келгенін айтады, оны жаба алмайсың": Нұрлан имам елге жақпай қалды

21.04.2025 09:53
0
84
видеодан алынған кадр

Белгілі дін өкілі Нұрлан қажы Байжігітұлының әйелдерге қатысты айтқан пікірі әлеуметтік желіде қызу талқыға түсті, деп хабарлайды POLITICO.KZ Skifnews.kz ақпарат порталына сілтеме жасап.

Имам тікелей эфир барысында көрермен қойған сұраққа жауап бере отырып, әйелдердің материалдық сұраныстары мен табиғатына қатысты өз ойын ашық білдірді. Көрермен тарапынан «Әйелі күйеуінің тапқан ризығына разы болмаса, ол әйелді не істеу керек?» деген сауал қойылғанда, имам бұл жағдайға сабырмен қарауға кеңес берді. Оның айтуынша, әйел адам ешқашан толықтай разы болмайды, себебі ол табиғатынан көп нәрсеге ұмтылатын жан. Нұрлан қажының пікірінше, нәзік жандылар қымбат киімдер мен бағалы әшекейлерді қалап тұрады, бұл – олардың бойындағы әу бастан бар қасиет. Ол сондай-ақ Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) әйелдерінің де түрлі қалауларын жеткізгенін мысалға келтірді.

Имам әйелдердің көп сөйлеуін де олардың жаратылысына тән мінез деп түсіндіреді. Оның пайымдауынша, әйелдердің ойын ашық білдіруі – Алла Тағаланың оларға берген қасиеті. Бұл ерекшелікті өзгерту мүмкін емес, сондықтан ер азаматтар оны қабылдай білгені жөн. Дін өкілі кей ер адамдардың «Не қатынсың ба?» деген сөздерді айтуын да осы ерекшелікпен байланыстырды. Сол себепті, ол әйелдің айтқанын тыңдау – еркектің парызы екенін еске салды.

Сонымен қатар, Нұрлан қажы Байжігітұлы отбасында туындайтын келіспеушілік кезінде ер адамдарға сабыр сақтап, ұрыс-керістен аулақ болуға кеңес берді. Оның айтуынша, ондай сәттерде ер адам сыртқа шығып, сабырға келіп алғаны дұрыс. Ашуы басылған соң, қайта оралып, әйеліне жылы сөздер айтып, отбасындағы үйлесімді сақтауға тырысқаны жөн. Имамның бұл көзқарасы қоғамда әртүрлі пікір туғызғанымен, ол отбасы татулығын сақтау үшін сабыр мен түсіністіктің маңызды екенін алға тартады.

Пікірлер (0)
Здесь пока ничего нет
Пікір қалдырыңыз
Войдите, чтобы оставить комментарий