Әйелдер Қазақстан халқының неше пайызын құрайтыны белгілі болды

Қазақстанда әйелдер саны 10 381 377 адамға жетіп, ел халқының 51,1%-ын құрайды. Бұл көрсеткіш соңғы он жылда 15,2%-ға артқан.
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, әйелдердің көпшілігі, яғни 64,4%-ы қалаларда, ал 35,6%-ы ауылдық жерлерде өмір сүреді. Өңірлер бойынша ең көп әйелдер Алматыда – 1,2 миллион, Түркістан облысында – 1 миллион, ал Астанада 803 мың адам тіркелген.
Әсіресе, Астанадағы әйелдер санының өсімі ерекше байқалып, соңғы он жылда 82,1%-ға артқан. Алматыда бұл көрсеткіш 37,5%-ды, ал Маңғыстау облысында 32,5%-ды құрады. Жас ерекшелігіне қарай, 18 жасқа дейінгі қыз балалар саны – 3,3 миллион, 18-60 жас аралығында – 5,3 миллион, ал 60 жастан асқан әйелдер саны – 1,7 миллион. Қазақстандағы әйелдердің орташа жасы – 34,1.
Бүгінде 4,4 миллион әйел еңбек нарығында белсенді жұмыс істейді. Олар негізінен білім беру, сауда және денсаулық сақтау салаларында қызмет атқарады. Қазақстандағы әйелдердің әлеуметтік-экономикалық рөлі жылдан жылға артып, олардың қоғамдағы үлесі күшейіп келеді.
Соңғы жаңалықтар





