Тамағын қоқыстан тапқан: БҚО-да 10 жастағы баланың анасы ата-ана құқығынан айырылды

05.10.2026 • 10:09 Абзал БАХЫТЖАНОВ
Тамағын қоқыстан тапқан: БҚО-да 10 жастағы баланың анасы ата-ана құқығынан айырылды
142
Иллюстрация/ЖИ. Фото: magnific.com

10 жастағы бала осы уақытқа дейін мектепке бармаған, оқып-жазуды білмеген. Батыс Қазақстан облысында сот оны қауіпті тұрмыс жағдайынан қорғап, анасын ата-ана құқығынан айырды, деп хабарлайды Politico.kz Жоғарғы Сотқа сілтеме жасап.

Істі облыстың кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған соты қараған. Баланың құқығын қорғауды сұрап, «Отбасылық үлгідегі облыстық балалар ауылы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі талап қойған.

Сотта анықталғандай, бала туғаннан бері алкогольді шамадан тыс ішетін анасымен тұрған. Әйел қараусыз қалған үйді бөгде адамдар үнемі жиналатын орынға айналдырған, ал ұлы тамағы мен киімін қоқыс үйіндісінен тауып жүрген.

Кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі комиссияның бастамасымен бала арнайы әлеуметтік қызметтерге мұқтаж балаларды қолдау орталығына үш айға орналастырылған. Кейін, 2026 жылы психологиялық-медициналық-педагогикалық консультацияның қорытындысы мен білім басқармасының бұйрығы негізінде отбасылық үлгідегі балалар ауылының қамқорлығына берілген.

Осы уақыт ішінде анасы ұлына бір рет те келмеген, оның тағдырына немқұрайлы қараған. Шақырту алғанына қарамастан, сот отырыстарына да қатыспаған.

Сотқа қатысқан психолог баланың ауыр психологиялық жарақат алғанын, анасымен эмоционалдық байланысы толығымен жоғалғанын айтқан.

«Бала анасынан қатты қорқады, өйткені оның өзін қайтадан қоқыс үйіндісіне алып кетуінен қауіптенеді», делінген Жоғарғы Соттың хабарламасында.

Сот әйелдің ата-ана міндеттерін әдейі әрі ұзақ уақыт орындамағанын, өмір салтын өзгертуге ниеті болмағанын дәлелденген деп таныған. Ол ата-ана құқығынан айырылып, баланы асырауға алимент төлеуге міндеттелді. Қаражат баланың жеке депозиттік шотына аударылуға тиіс.

Сот шешімі заңды күшіне енген.

Баланың өзі балалар ауылында тұрғанды ұнататынын айтқан. Себебі мұнда таза төсек пен жақсы тамақ бар.

Войдите, чтобы оставить комментарий