Азат Перуашевке жасалған кибершабуылдан кейін полиция қылмыстық іс қозғады

30.09.2026 • 13:58 Әсел МҰРАТ
Азат Перуашевке жасалған кибершабуылдан кейін полиция қылмыстық іс қозғады
209
Фото: ашық дереккөз

Мәжілістің бұрынғы депутаты Азат Перуашевқа жасалған кибершабуылдан кейін қылмыстық іс қозғалды. Құқық қорғау органдары жалған ақпарат таратылған клон-сайттардың иелерін анықтап жатыр, деп хабарлайды Politico.kz.

Бұл туралы Құрылтайда қткен брифингте ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов айтты.

23 қыркүйекте экс-депутат «Ақ жол» партиясы мен оның әлеуметтік желідегі аккаунттарына жаппай ақпараттық шабуыл жасалғанын хабарлаған. Белгісіз біреулер қазақстандық БАҚ-тың бірінің клон-сайттарын жасап, онда жалған ақпарат таратқан.

«Бұл шабуыл барысында таратылған ақпарат провокация ұйымдастырушылары сілтеме жасаған ресурстың ресми мәлімдемесі арқылы жоққа шығарылды. Жалған ақпаратқа сенбеуге, тек ресми мәліметке жүгінуге шақырамыз. Бұл ақпараттың таралуын «Ақ жол» партиясының Құрылтайдағы депутаттық фракциясының белсенді жұмысымен байланыстырамыз. Құрылтайдың алғашқы апталарында депутаттарымыз бірқатар маңызды әрі өзекті мәселені көтерді», – деп жазған Азат Перуашев.

Кейін ол өзінің WhatsApp-тағы жеке аккаунты бұғатталғанын хабарлады. Саясаткер қазақстандықтарды оның нөмірінен келуі мүмкін хабарламаларға сенбеуге шақырды.

Санжар Әділовтің айтуынша, тергеушілер саясаткермен байланыста. 28 қыркүйекте полиция сотқа дейінгі тергеп-тексеруді тіркеп, көрінеу жалған ақпарат тарату фактісі бойынша қылмыстық іс қозғаған.

«Қазір киберқылмысқа қарсы күрес жөніндегі тиісті бөлімшелер іске қатысы бар адамдарды, сондай-ақ аталған клон-сайттардың иелерін анықтау бойынша жұмыс жүргізіп жатыр. Бұдан бөлек, Әділет министрлігінің Сот сараптамалары орталығында бірнеше арнайы сот және сот-технологиялық сараптамасы тағайындалды», – деді вице-министр Құрылтайдағы брифингте.

Оның айтуынша, тергеу барысы бақылауда.

Войдите, чтобы оставить комментарий