Әзербайжан ұшақ апаты үшін Ресейді халықаралық сотқа бермек

Әзербайжан билігі Ақтау маңында апатқа ұшыраған Azerbaijan Airlines (AZAL) жолаушы ұшағына байланысты Ресейді халықаралық сотқа беруге дайындалып жатыр, деп хабарлайды POLITICO.KZ.
Әзербайжанның "АПА" ақпарат агенттігінің мәліметінше, Баку фактілер мен айғақтар жинақтауда. Бұл қадамға Әзербайжан Ресей тарапының "оқиғаға біржақты баға беруін жалғастырып жатқаны" себеп болғанын мәлімдеді.
Бакудің айтуынша, Ресей билігі өз кінәсін жоққа шығарып, оқиғаның себебін экипаждың қателігімен байланыстыруға тырысып отыр. Әзербайжан тарапы мұны 2014 жылы Донбасс аспанында атып түсірілген малайзиялық Boeing 777 ұшағының трагедиясына ұқсатады.
"AZAL ұшағына қатысты бұйрық бергендер мен оны атқан адамдар туралы мәліметтер бізде бар", – деп хабарлайды "АПА".
Әзербайжан президенті Илхам Әлиев бұл оқиғаға "Ресей өкілдері жауапты" деп мәлімдеді. Ол Мәскеуден кінәсін мойындап, кінәлілерді жазалауды талап етті.
Ресей президенті Владимир Путин Әзербайжан халқынан кешірім сұрағанымен, Ресейдің бұл оқиғадағы жауапкершілігін ресми түрде мойындаған жоқ.
4 ақпанда Қазақстан билігі Ақтау маңындағы ұшақ апатына қатысты алдын ала қорытындыны жариялады. Тергеу комиссиясының есебінде "ұшақтағы тесіктер сырттан бөгде заттың тигенін көрсетеді" деп жазылған.
Әзербайжан Ресеймен диалогқа дайын екенін, бірақ Мәскеу кінәсін мойындамаса, құқықтық шаралар қабылдайтынын ескертті.
Соңғы жаңалықтар





