Бағдат Мусин халықпен "сүйінші" жаңалығын бөлісті

Бағдат Мусин халықпен
25.02.2024 11:40
0
59
"Starlink жабдықтарының алғашқы партиясы Қазақстанға келді. 500 дана! Алматыға жабдықты қабылдау барысын тексеру үшін өзім арнайы келдім. Келесі аптада Түркістан және Ақмола облыстарындағы Starlink орнатуға толық дайын мектептерге жабдықтарды жеткізу басталады. Аталған облыстардың әкімдіктері барлық дайындық жұмысын жақсы жүргізді", – деді қуанышы қойнына сыймаған Мусин мырза. Оның хабарлауынша, 10 күннен кейін келетін келесі партия қалған өңірлерге жеткізіледі.
"Жалпы алғанда, осы 20 күн ішінде елге 2 000 жинақ әкелінеді. Олар елдегі 2 000 шалғайдағы ауыл мектебін жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз етеді. Бұл Мемлекет басшысының шешімінің арқасында жүзеге асуда!", – деп нықтады ол.
Әлеуметтік желіде қалдырылған пікірлерді талдасақ, қазақстандықтардың үлкен бір бөлігі бұл жаңалыққа қуана қойған жоқ. Оның орнына таңданыс басым. Билік Қазақстанда Starlink интернетін пайдалануға тыйым салды. Онда неге биліктің өзі мектептерде Илон Масктың интернетін орнатуда? Халық мұның мәнісін түсінбей дал. Жалпы, Илон Масктың SpaceX компаниясы өрістетіп жатқан жаһандық спутниктік жүйе Қазақстанға біршама қымбатқа түспек. Мұны министр Мусин де жасырмайды. Ол бұдан бұрын Starlink-терді мектептерде орнатуға қанша қаржы шығындауды жоспарлап отырғанын мәлім етті. Оның айтуынша, SpaceX-пен корпоративтік контракт бекітіліп жатыр.
"Ақпарат құралдары, сарапшылар SpaceX-тің өзі жариялаған прайс листтерге сүйеніп, мұның елімізге қаншаға түсетінін айтып жүр. Біз болсақ, онымен корпоративтік контракт бекітетін боламыз. Қазіргі кезде оның шарттарын пысықтау аяқталуға таяды. Біз қорытындылауға және келісімшартқа қол қоюға екі апта бөліп отырмыз. Содан кейін мен барлық шарттарды жұртқа жария етемін. Өйткені оған мемлекеттің қаражаты шығындалады, сондықтан біз аталған қызметтердің құны туралы бүкіл ақпаратты халыққа ұсынуға міндеттіміз", – деген болатын Бағдат Мусин былтырғы қазан айында.
Алайда содан бері төрт айдан астам уақыт өтсе де, министр сол контрактісінің шарттарын, ақырғы сомаларын сол бойы жария етпеді. Былтырғы қазанда Бағдат Мусин "әрбір нүкте", яғни Старлинкке қосылған әрбір компьютер үшін ай сайын 200 доллардай абоненттік төлем төлеп тұруға тура келетінін айтты. Яғни, Илон Масктың компаниясына Қазақстан ай сайын 400 мың доллар (200 долларды 2 мың компьютерге шаққанда) немесе 190 миллион теңгедей төлем төлеп тұруға тиіс. Министр бұл шығын сомасына Старлинктің қаптаған жабдықтарының шығыны кірмейтінін нақтылады.
"Қызметтің өзі ай сайын шамамен 200 долларға түседі. Бұдан бөлек, біздің әкімдіктердегі білім басқармалары спутниктік интернетті жеткізу үшін шамамен 1,5-3 миллион теңге шығындайды", – деді ол.
Мәжіліс депутаты Екатерина Смышляева Илон Масктың интернетіне тіреліп тұрған ештеңе жоқ деген пікірде. Әйтпесе, бұған дейін Starlink жерсеріктік интернетінің игілігін қиянда орналасқан отандық фермерлер көретін. Бірақ билік бұл жүйенің елімізде ресми тіркелмегенін, бақыланбайтынын алға тартып, тыйым салып тастады. Осыған наразы болған бірқатар депутат "ҚР кейбір заңнамалық актілеріне байланыс, цифрландыру және ақпараттандыру саласының инвестициялық ахуалын арттыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" жаңа заң жобасы аясында шетелдік операторлардың елде еркін жұмыс істеуіне мүмкіндік беріп, шектеуші емес, либералды тәсілдемені қолдануды ұсынған. Үкімет те, Парламент те бұл ұсынысты құптамапты. Аталған заң жобасының авторларының бірі депутат Смышляева құжатта операторлар жұмысының құқықтық моделін пысықтағандарын жеткізді.
"Старлинк, әрине, алыстағы ауылдарға өте қажет, олар зарыға күтіп отырған технология. Сонымен бірге ол – геостационарлы емес спутниктер нарығындағы жалғыз технология емес. Басқа да ұсыныстар бар. Қазіргі уақытта еуропалық "OneWeb", люксембургтік "CS" де төл жерсеріктері негізінде ұқсас қызметтерді көрсетуге дайын. Алайда бұл операторлардың бәрі шетелдік болып табылады. Тиісінше, ұлттық заңнамамыз бойынша заңнан тыс жатыр, салдарынан, олар Қазақстан территориясында жұмыс істей алмайды. Старлинкке мектептер пилоттық жобалар аясында ғана қосылып жатыр, алайда заңмен реттелмесе, бірде бір пилот ұзаққа созыла алмайды", – деді депутат.
Пікірлер (0)
Здесь пока ничего нет
Пікір қалдырыңыз
Войдите, чтобы оставить комментарий
или