Балалар үйінің тәрбиеленушісін қорқытып, телефонын тартып алғандар апелляциялық сотта жеңіліп қалды

Балалар үйінің тәрбиеленушісін қорқытып, телефонын тартып алғандар апелляциялық сотта жеңіліп қалды
Фото: Politico.kz

Қарағандыда балалар үйінің тәрбиеленушісінен ақша бопсалаған екі ер адамның апелляциялық шағымы қанағаттандырылмады, деп хабарлайды Politico.kz агенттігі “Курсив”-ке сілтемемен.

Олар 19 жастағы жігітті қорқытып, мемлекеттік жәрдемақы ретінде жинаған ақшасын беруге мәжбүрлемек болған. Алайда банк қаражатты беруден бас тартқан соң, оның ұялы телефонын тартып алған.

Қарағанды қаласының Әлихан Бөкейхан аудандық соты істі 2026 жылғы 24 қыркүйекте қараған. Қылмыс жасалған кезде айыпталушылар 25 және 30 жаста болған. Ал жәбірленуші 19 жаста болса да, мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған мекеменің қамқорлығында қалған.

Сот екі ер адамды алдын ала сөз байласу арқылы күш қолдану қаупін төндіріп, бопсалау жасағаны үшін кінәлі деп таныды. Олардың әрқайсысы 3 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылған. Алайда сотталғандардың бірінің адвокаты үкімге апелляциялық шағым түсірген.

Қарағанды облыстық сотының алқасы шағымды қарап, алғашқы инстанцияның шешімін өзгеріссіз қалдырды. Осылайша, үкім заңды күшіне енді.

Іс материалдарына сәйкес, 2025 жылдың тамызында ер адамдар тәрбиеленушінің арнайы шотында мемлекеттік жәрдемақы ретінде 3 миллион теңгеден астам қаражат жиналғанын білген. Олардың бірі ақшаны беруді талап еткен. Жәбірленуші өз өміріне қауіп төнеді деп қорқып, талапқа келісуге мәжбүр болған.

Осыдан кейін ер адамдар оны бірнеше рет «Отбасы банкке» апарып, ақшаны шешіп алуға әрекеттенген. Алайда банк басшылығының арнайы анықтамасынсыз қаражатты беруден бас тартқан.

2026 жылдың қаңтарында күдіктілердің бірі жігітке смартфонын ломбардқа өткізуді ұсынған. Ол келіспеген соң, келесі күні екеуі қайта келіп, ақша немесе телефон беруді талап еткен. Қарсылық көрсеткен жағдайда күш қолданатынын айтып қорқытқан.

Ақыры жәбірленуші құны 189 мың теңге болатын смартфонын беруге мәжбүр болған.

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу