Қарағанды облысында қызды зорлаған бес жасөспірім сотталды
Қарағанды облысында 16 жастағы қызды топ болып зорлаған бес жасөспірім сотталды, деп хабарлайды Politico.kz Қарағанды облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотына сілтеме жасап.
Сот анықтағандай, оқиға 2025 жылғы 14 ақпанда болған. Сол күні кәмелетке толмаған екі қыз күзетшілерді жасы туралы жаңылыстырып, «Инфинити» түнгі караоке-клубына кірген. Олар онда үш сағаттан астам уақыт алкоголь ішкен.
Қатты мас болған қыздар үйлеріне қайтуға қорқып, куә И.-дің ұсынысымен оның таныстары – бес жасөспірім тұратын пәтерге барған.
Сот мәліметінше, пәтерде сотталушылардың бірі жәбірленушінің есін жиғызбау үшін оған химиялық заттың буын иіскеткен. Кейін бес жасөспірім қыздың дәрменсіз күйін пайдаланып, оны топ болып зорлаған.
Сотталушылардың кінәсі жәбірленуші мен куәлардың айғақтары, сараптама қорытындылары және істегі басқа да дәлелдер арқылы анықталған.
Прокурор әрқайсысын 7 жыл 6 айға соттап, рақымшылық негізінде жазасын 5 жыл 7 ай 15 күнге дейін қысқартуды сұраған. Ал қорғаушылар кінәлары дәлелденбегенін айтып, барлығын ақтауды талап еткен.
Қылмыстық кодекстің 120-бабында мұндай қылмыс үшін 15 жылдан 17 жылға дейін немесе өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Алайда сот қылмыс жасаған кезде айыпталушылардың кәмелетке толмағанын ескерді. Заң бойынша оларға бұл жағдайда 7 жыл 6 айдан артық жаза тағайындалмайды.
«Сот үкімімен К., О., А., Ж. және С. кінәлі деп танылып, әрқайсысына 7 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы және 2 жыл мерзімге педагогикалық қызметпен айналысу құқығынан айыру жазасы тағайындалды. 2025 жылғы 23 маусымдағы ҚР «Рақымшылық жасау туралы» Заңы негізінде бас бостандығынан айыру мерзімі қысқартылып, түпкілікті әрқайсысына 5 жыл 7 ай 15 күн мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы және 2 жыл мерзімге педагогикалық қызметпен айналысу құқығынан айыру жазасы тағайындалды», – делінген сот хабарламасында.
Жәбірленуші тарап моральдық зиян үшін 100 млн теңге талап еткен. Сот бұл талапты ішінара қанағаттандырып, бес сотталушыдан ортақ тәртіппен 10 млн теңге өндіруді міндеттеді.
Үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ.
Айта кетейік, бұған дейін мамыр айында жәбірленуші қыздың әкесі видеоүндеу жариялап, істің әділ тергелуін талап еткен болатын.
Соңғы жаңалықтар